Таиландтың Пхукет аралындағы танымал туристік ауданда ірі өрт болды. Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға салдарынан 11 адам қаза тауып, 30-дан астам адам түтінге уланған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға 16 қарашада Пхукет аралының Кату округіне қарасты Патонг ауданында тіркелген. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, туристер көп шоғырланатын аудандағы коммерциялық ғимараттардың бірінен өрт шыққан. Жалын қысқа уақыт ішінде күшейіп, көршілес құрылыстарға таралған. Соның салдарынан бірнеше бөлме отқа оранып, ғимараттарға айтарлықтай зақым келген.
Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері, полиция қызметкерлері, құтқарушылар мен жергілікті билік өкілдері жұмылдырылған. Thai PBS телеарнасына сілтеме жасаған «Известия» басылымының мәліметінше, өрт салдарынан көптеген адам зардап шеккен.
"Ресми емес хабарламаларға сәйкес, оқиға салдарынан 11 адам қаза тауып, 30-дан астамы түтінге уланды",– делінген хабарламада.
Құтқарушылар өртті сөндірумен қатар, ғимарат ішінде қалған адамдарды сыртқа шығару жұмыстарын жүргізген. Оқиға орнына Пхукет провинциясының губернаторы да барған. Ол құтқару қызметтерінің жұмысымен танысып, жағдайды бақылауға алған.
Өртті ауыздықтауға Патонг полициясының қызметкерлері, муниципалдық өрт сөндірушілер және жергілікті құтқару жасақтары қатысқан. Жалын сөндірілгеннен кейін мамандар ғимараттың ішін тексеруге кірісті. Құтқарушылар үй-жайларда адамдардың қалып қоймағанын анықтап, өрттен келген материалдық шығынды бағалап жатыр.