Төрт ел Израильді Газаға гуманитарлық көмек кіргізуге шақырды

Төрт ел Израильді Газаға гуманитарлық көмек кіргізуге шақырды
Ашық дереккөз

Австралия, Канада, Италия және Ұлыбританияның сыртқы істер министрлері Израиль үкіметін Газа секторына гуманитарлық көмектің кедергісіз жеткізілуін қамтамасыз етуге шақырды. Олардың мәліметінше, шекарада шамамен 150 мың шатыр мен басқа да қажетті гуманитарлық жүк кіргізілмей тұр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Төрт елдің сыртқы істер министрлері бірлескен мәлімдемені 16 қарашада жариялады. Құжатта Газа секторындағы гуманитарлық жағдайдың қыс мезгілінің жақындауына байланысты күрделене түскені айтылған.

Министрлердің мәліметінше, өңірде болған су тасқыны жергілікті тұрғындардың жағдайын одан әрі қиындатқан. Қатты жауын-шашын салдарынан палестиналықтар тұрып жатқан уақытша лагерьлерді су басып, баспанасыз қалған адамдардың тұрмысы нашарлаған.

«Газа тұрғындарына баспана мен гуманитарлық көмек аса қажет. Алайда 150 мың шатыр мен басқа да маңызды заттар шекарада ұсталып, секторға кіргізілмей отыр», - делінген бірлескен мәлімдемеде.

Австралия, Канада, Италия және Ұлыбритания Израиль үкіметін гуманитарлық жүктерді өткізу кезіндегі кідірістерді тоқтатып, Газа аумағына көмектің жедел әрі кедергісіз жеткізілуіне мүмкіндік беруге шақырды.

Сондай-ақ елдер шекара өткелдерін ашуды және гуманитарлық операциялар мен инфрақұрылымды қалпына келтіруге қажетті қос мақсатта пайдаланылатын тауарларды өткізуге рұқсат беруді талап етті.

Бірлескен мәлімдемеде қақтығысушы тараптарға атысты тоқтату режимін сақтап, Газаға қатысты кешенді жоспарды орындау және халықаралық гуманитарлық құқық талаптарын құрметтеу жөнінде үндеу жасалды.

БҰҰ мәліметінше, соңғы нөсер жауын мен су тасқыны салдарынан бес адам қаза тауып, мыңдаған отбасы уақытша баспанасынан айырылған. Көптеген палестиналық әлі күнге дейін суық пен су тасқынынан жеткілікті қорғай алмайтын шатырларда тұрып жатыр.