Қазақстанда 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында мұнай өндіру көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,8%-ға, ал газ өндіру 9%-ға төмендеді. Сонымен қатар елде бензин, дизель отыны және керосин өндірісі артқан. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының өнеркәсіп жұмысына қатысты деректерінде айтылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Статистика бюросының мәліметінше, есепті кезеңде Қазақстанда 77,907 млн тонна мұнай өндірілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 6,8%-ға аз.
Табиғи газ өндіру көлемі де төмендеген. Қаңтар-қазан аралығында 52,5 млрд текше метр газ өндіріліп, жылдық көрсеткіш 9%-ға қысқарған.
Статистика бюросы өндіріс көлемінің төмендеу себептерін түсіндірмеген. Алайда Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес, бұған Қарашығанақ кен орнындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары мен Каспий құбыр консорциумындағы (КТК) шектеулер әсер еткен. Қазақстан мұнайының шамамен 80%-ы осы құбыр арқылы экспортталады.
Мұнай өндіру төмендегенімен, елде мұнай өнімдерінің бірқатар түрін шығару артқан. Атап айтқанда, қаңтар-қазан айларында керосин өндірісі 23,8%-ға өсіп, 0,8 млн тоннаға жеткен. Дизель отыны 7%-ға артып, 5,6 млн тоннаны, ал бензин өндірісі 6,8%-ға өсіп, 5,2 млн тоннаны құраған.
Ал мазут өндірісі керісінше төмендеп келеді. Қыркүйек айындағы көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26,9%-ға азайып, 1,19 млн тонна болған.
Биыл тамызда КТК бағытындағы қиындықтарға байланысты Энергетика министрлігі мұнай өндіру болжамын қайта қараған. Бұған дейін 2026 жылы 98 млн тонна мұнай өндіру жоспарланса, кейін бұл көрсеткіш 96 млн тоннаға дейін төмендетілді.
Сонымен қатар Қазақстан ішкі тұтынудың өсуі жағдайында үш ірі мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жоспарға сәйкес, 2033 жылға қарай мұнай өңдеу көлемін жылына 40 млн тоннаға дейін жеткізу көзделген.
Бұдан бөлек, екі жаңа мұнай өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр. Оның бірі Ақтөбе облысында орналасып, жылына 2 млн тоннаға дейін мұнай өңдей алады. Екінші зауыттың қуаты жылына 10 млн тоннаға дейін жетуі мүмкін.
2025-2040 жылдарға арналған мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасында мұнай өңдеу көлемін жылына 18 млн тоннадан 39 млн тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Сондай-ақ мұнай өндіру мен өңдеу көлемінің арақатынасын 5:1 көрсеткішінен 2,5:1 деңгейіне дейін өзгерту жоспарланған.