"Самұрық-Қазына" қорында тағы бір басшы ұсталды: ҰҚК тергеу жүргізіп жатыр

"Самұрық-Қазына" қорында тағы бір басшы ұсталды: ҰҚК тергеу жүргізіп жатыр
Фото: sk.kz

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорында тағы бір лауазымды қызметкердің ұсталғаны расталды. Оған қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

"Самұрық-Қазына" қорының баспасөз қызметі аталған жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді.

"Қолда бар ақпаратқа сәйкес, қор департаменттерінің бірінің қызметкерін ұстау оның бұрынғы еңбек қызметіне байланысты мән-жайларға қатысты және қазіргі лауазымдық міндеттерін орындауына қатысы жоқ", – деп мәлімдеді қор өкілдері.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті де аталған қызметкерге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растады. Алайда ведомство Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеудің өзге мәліметтері жарияланбайтынын хабарлады.

Еске сала кетейік, 11 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі "Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевті ұстаған болатын.