Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданында инвестициялық жоба үшін бөлінген, бірақ ұзақ уақыт пайдаланылмаған бес жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Жердің жалпы аумағы 2 930 гектар, құны 180 млн теңге, деп хабарлайды dalanews.kz.
Аудан прокуратурасы жүргізген талдау нәтижесінде аталған жер учаскелерінің ұзақ уақыт бойы нысаналы мақсатына сай пайдаланылмағаны анықталған.
Прокуратура мәліметінше, биыл тамызда жер учаскелері берілген жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің меншік иесі бизнес-бастаманы одан әрі жүзеге асырудан бас тартқан. Бұл шешімді кәсіпорын өз еркімен қабылдаған және әкімшілік кедергілерге байланысты болмаған.
Алайда инвестициялық жоба үшін бөлінген жерлер мемлекетке қайтарылмаған. Прокурорлық қадағалау шаралары нәтижесінде жалпы құны 180 млн теңге болатын бес учаскені мемлекет меншігіне қайтару қамтамасыз етілді.
Прокуратура жер қатынастары саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету және пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау жұмыстарын жалғастыратынын хабарлады.