Алматыда 23 қарашадан бастап Алма-Арасан көшесінің экологиялық бекеттен «Нұрбота» дүкеніне дейінгі бөлігі бір айға жабылады. Бұл учаскеде тас құлау қаупінің алдын алу жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әкімдіктің мәліметінше, аталған аумақта тау жыныстарының опырылуы және диаметрі 2,5 метрге дейін жететін ірі тастардың құлауы тіркелген. Бұл жағдай көлік жүргізушілері мен тұрғындарға, сондай-ақ жақын маңдағы инженерлік желілерге қауіп төндіреді.
Қауіптің алдын алу үшін мамандар ірі тастарды бақыланатын тәсілмен төмен түсіріп, аумақтан шығарады. Сонымен қатар тау беткейін нығайту жұмыстары жүргізіледі.
Жұмыстарды қауіпсіз атқару үшін жол учаскесі уақытша жабылады. Жұмыс кестесін жоспарлау кезінде тұрғындар мен жүргізушілерге келетін қолайсыздықты азайту көзделген. Мүмкіндігінше, демалыс күндері көлік қозғалысына қосымша салмақ түсірмейтіндей етіп ұйымдастырылады.
Тұрғындар мен жүргізушілерге қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлау ұсынылады.