Қытай төрағасы Си Цзиньпин, Ресей президенті Владимир Путин және АҚШ президенті Дональд Трамптың үшжақты кездесуі аяқталды. Келіссөз 1 сағат 20 минутқа созылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
АҚШ президенті саммитті тарихи кездесу деп атап, үш елдің ядролық арсеналдарды қысқарту және Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату мәселелерін талқылауға мүмкіндігі бар екенін айтты. Ресей президенті өңірлік дағдарыстарды шешуде үш елдің мүдделері тоғысатынын атап өтті. Оның сөзінше, БҰҰ-ның құрылуына бастамашы болған үш мемлекет халықаралық құқықты нығайтуға жауапты.
Ал Қытай төрағасы елдер бір-бірінің ішкі ісіне араласпау қағидатын ұстануы керек екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол үш мемлекет экономикалық байланыстар мен жеткізу тізбектерін үзбей, ынтымақтастықты кеңейтуі қажет екенін айтты.
Трамп Путин мен Си Цзиньпинді «досым» деп атады
Бұған дейін Дональд Трамп алдымен Владимир Путинмен, кейін Си Цзиньпинмен жеке кездесу өткізген еді. АҚШ президенті екі көшбасшыны да ашық түрде «досым» деп атады. Сонымен қатар Қытаймен сауда мәселесінде тарифтерді әділ бөлісіп, сауда теңгерімін реттеуге қол жеткізгенін мәлімдеді.
Қытайдың мемлекеттік БАҚ-тарының хабарлауынша, Трамп Тайваньның тәуелсіздігін қолдамайтынын да айтқан.