Мұсылмандар 2035 жылға қарай әлемдегі ең ірі діни топқа айналуы мүмкін – Pew

Мұсылмандар 2035 жылға қарай әлемдегі ең ірі діни топқа айналуы мүмкін – Pew
pixabay.com

Pew Research Center зерттеу орталығының болжамынша, 2035 жылға қарай әлемдегі мұсылмандар саны христиандардан асып, ең ірі діни топқа айналуы мүмкін. Бұған ең алдымен туу көрсеткішінің жоғары болуы мен мұсылман халықтарының жас құрамының ерекшелігі әсер етеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Зерттеу деректеріне сәйкес, 2020 жылы әлемде 2,02 млрд мұсылман және 2,27 млрд христиан болған. Ал 2035 жылға қарай мұсылмандар саны 2,57 млрд-қа, христиандар саны 2,52 млрд-қа жетеді деп болжанып отыр.

Орталықтың есебінше, 2070 жылға қарай мұсылмандар саны 3,64 млрд адамға дейін өседі. Христиандар саны шамамен 2,96 млрд болады. Осылайша, мұсылмандар әлем халқының 36%-ын, ал христиандар 29%-ын құрауы мүмкін.

Зерттеушілер мұндай өзгерістің басты себебін туу деңгейімен байланыстырады. 2020–2025 жылдары мұсылман әйелдерге шаққандағы бала туу коэффициенті 3,1 болса, христиан әйелдер арасында бұл көрсеткіш 2,5 болған. Басқа діни топтардағы әйелдер үшін орташа көрсеткіш 1,6 баланы құраған.

Мұсылман қауымының жас құрамы да халық санының өсуіне ықпал етеді. 2020 жылы мұсылмандардың орташа жасы 24 болса, басқа дін өкілдерінде бұл көрсеткіш 33 жас болған.

Pew мәліметінше, діни сенімін өзгерту де демографиялық үдеріске әсер етеді. Алайда бұл фактордың ықпалы туу мен өлім көрсеткіштеріне қарағанда әлдеқайда төмен.

Зерттеуде басқа діни топтарға қатысты да болжамдар келтірілген. 2070 жылға қарай буддистер саны 2020 жылғы 324 млн-нан 235 млн-ға дейін азаюы мүмкін. Ал дінге қатыстылығын көрсетпейтін адамдардың әлем халқы ішіндегі үлесі 24%-дан 17%-ға дейін төмендейді деп күтілуде.

Сонымен қатар индуизм мен иудаизмді ұстанушылардың саны абсолютті көрсеткіш бойынша өскенімен, олардың әлем халқы ішіндегі үлесі азаюы ықтимал.

Айта кетейік, зерттеу 2020–2070 жылдар аралығындағы демографиялық өзгерістерді қамтиды және 201 ел мен аумақтың деректеріне негізделген. Болжамда халықтың жас құрамы, туу мен өлім деңгейі, көші-қон және діни тиістіліктің өзгеруі ескерілген. Зерттеу авторлары бұл есеп болашақтағы барлық ықтимал оқиғаларды қамтымайтынын атап өтеді.