Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды dalanews.kz.
Президент өз сөзінде NVIDIA компаниясымен арадағы байланысқа тоқталды.
"Біз NVIDIA компаниясымен жемісті ынтымақтастықты жолға қойдық. Аты аңызға айналған көрнекті инженер Дженсен Хуанг мырзаға жақында Астанаға арнайы келгені үшін алғыс айтамын", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысының сөзінше, OpenAI компаниясымен серіктестік нәтижесінде еліміздегі жоғары оқу орындарының ұстаздары ChatGPT Edu арнаулы чат-ботын еркін пайдалану мүмкіндігіне ие болған.
"Стэнфорд университеті, Массачусетс технологиялық институты (MIT), Беркли және Карнеги Меллон университеттеріндегі сарапшылардың қолдауымен студенттеріміз 22 мыңнан аса жобаны жасап шығарды. ЖИ-мен байланысты жүздеген шешім бизнес, денсаулық сақтау, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларына енгізіліп жатыр. Satbayev Technical University мен Гонконг қалалық университеті арасындағы ынтымақтастық та осы салада айтарлықтай нәтиже әкелді", - деді Президент.
Nvidia-дағы жағдай
Еске салайық, 13 қарашада Nvidia компаниясының басшысы Дженсен Хуанг қызметінен кеткенін хабарлаған едік.
Nvidia директорлар кеңесі Дженсен Хуанг қызметінен кеткенін мәлімдеген болатын. Оның өкілеттігі дереу тоқтатылды. Дженсен Хуанг жеке өміріне байланысты жарияланған ақпаратқа қатысты даудан кейін қызметінен кетті.
Хуанг 1993 жылы компанияның негізін қалаған сәттен бастап оны 33 жыл бойы басқарды. Осы уақыт ішінде Nvidia компьютерлік графикаға арналған чиптер өндіруден жасанды интеллект технологиялары саласындағы әлемдік көшбасшылардың біріне айналды.