Шымкенттегі Әуезов университеті ұлттық мәртебеге ие болады

Шымкенттегі Әуезов университеті ұлттық мәртебеге ие болады
Ашық дереккөз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдады. Мемлекет басшысы бұл туралы III Стратегиялық серіктестер форумында мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Президенттің айтуынша, Қазақстанның Астана мен Алматыдан кейінгі үшінші ірі қаласы саналатын Шымкентті оңтүстік өңірдегі ғылым және білім орталығы ретінде дамыту көзделіп отыр.

Қазірдің өзінде қалада бірқатар халықаралық білім беру жобасы жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Аризона штаты университетінің білім беру бағдарламасы енгізіліп, Түркияның Гази университетінің филиалы ашылған.

«Бұл жұмысты одан әрі жандандырып, Шымкенттің ғылым және білім саласындағы әлеуетін күшейте түсуіміз қажет. Мен халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдадым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Әуезов университетін аймақтағы ең ірі жоғары оқу орны деп атап өтті. Оның мәліметінше, Шымкенттегі әрбір бесінші студент осы университетте білім алады.

Президент ұлттық мәртебе беру университетке ғана емес, жауапты министрлікке де үлкен міндет жүктейтінін айтты. Оның пікірінше, оқу орны сапалы білім мен терең ғылымның ошағына, өңірдің зияткерлік орталығына айналуға тиіс.