Сәтбаев университеті мен Гонконг қалалық университетінің (CityUHK) бірлескен магистрлік бағдарламасының алғашқы бес түлегі екі университеттің де дипломын алып шықты. Диплом 18 қараша күні Астана қаласында өткен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Стратегиялық әріптестер форумында салтанатты түрде табыс етілді. Жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл екі университет 2024 жылы іске қосқан бірлескен магистрлік бағдарламаның алғашқы түлектері. Екі жылдық оқу мерзімінде бес студент екі жоғары оқу орнының білім беру бағдарламаларын меңгеріп шықты. Олардың біреуі жасанды интеллект бағыты бойынша, ал төртеуі құрылыс инженериясы саласы бойынша магистр дәрежесін иеленді.

«Біздің түлектер Қазақстанда сұранысқа ие болып отырған салалар бойынша заманауи білім алып, халықаралық тәжірибе жинақтап шықты. Бұл білім мен дағдылар олардың кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтіп, күрделі инженерлік және технологиялық міндеттерді шешуге берік негіз қалайды», – деп атап өтті Сәтбаев университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Мейрам Бегентаев.
Сәтбаев университеті мен CityUHK арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынас 2024 жылы басталды. Қазіргі уақытта екі университет бакалавриат пен магистратура бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда. Бакалавриат студенттері компьютерлік ғылымдар, құрылыс инженериясы және материалтану бағыттары бойынша 2+2 схемасымен білім алады. Ал магистрлік бағдарламалар машиналық оқыту және деректерді талдау, құрылыс және материалтану салаларын қамтиды.
Бүгінде бірлескен білім беру бағдарламалары бойынша 87 студент білім алып жүр. Сонымен қатар екі университет жаңа бағдарламалар ашып, Қазақстанда CityUHK орталығын (CIRI) құру бағытында жұмыс жүргізуде. Бұл орталық бірлескен ғылыми зерттеулер мен академиялық ынтымақтастық қарым-қатынасты дамытуға ықпал ететін болады.
Гонконг қалалық университеті (CityUHK) әлемдегі жетекші зерттеу университеттерінің қатарына кіреді. QS World University Rankings 2027 рейтингі бойынша ол 52-орынға, ал Times Higher Education World University Rankings 2027 рейтингінде 70-орынға ие болды. 2026 жылғы қараша айында университет QS-тің Азия рейтингінде 4-орынға көтерілді.
Times Higher Education ұйымы CityUHK-ті 2024–2026 жылдар аралығында үш жыл қатарынан әлемдегі ең халықаралық университет деп таныды. Мұнда шамамен 100 елден келген студенттер білім алады. Ғылыми жарияланымдардан дәйексөз келтіру көрсеткіші бойынша бір оқытушыға шаққанда CityUHK Гарвард университетінен кейін әлемде екінші орында, ал Азияда бірінші орында тұр.