Еуразияның үздік шабандоздары Астанада кездеседі: Әлем кубогының финалына кімдер қатысады?

Еуразияның үздік шабандоздары Астанада кездеседі: Әлем кубогының финалына кімдер қатысады?
Dala News.

Астанада конкурдан Әлем кубогы Еуразиялық лигасының финалы өтеді. Жарысқа 11 елден келген шабандоздар қатысып, әлемдік финалға жолдама үшін таласады. Dala News тілшісі турнир өтетін «Арғымақ» ат спорты сауықтыру кешеніне барып, Қазақстан құрамасының мүшесі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрила Тұрысбековамен сұхбаттасты.

19-22 қараша аралығында өтетін халықаралық турнирге Еуразиялық лиганың жыл бойғы кезеңдерінде жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар жиналады. Жарысқа Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да елдердің өкілдері қатысады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, негізгі рейтинг бойынша 40 шабандоз іріктелген, ал жарыстың жалпы қатысушылар квотасы 60 спортшыға дейін жетеді. Қазақстан қабылдаушы ел ретінде 10 шабандозға дейін ұсына алады.

Нұрила Тұрысбекова конкурмен кәсіби түрде он жылдан астам уақыт айналысады. 2018 жылдан бері халықаралық жарыстарға қатысып, Қазақстанның ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетіп келеді. Астанадағы финалда ол екі атпен сынға түсуді жоспарлап отыр.

Спортшының айтуынша, Еуразиялық лиганың финалы – жыл бойы өткен жарыстардың қорытындысы шығарылатын маңызды кезең. Оның нәтижесі шабандоздардың келесі деңгейдегі халықаралық бәсекеге қатысу мүмкіндігіне әсер етеді.

«Қазақстанның осындай ауқымды халықаралық турнирді қабылдап жатқанына қуаныштымын. Жыл бойы Ресейде, Өзбекстанда, Қырғызстанда және Астанада өткен кезеңдерге қатыстық. Енді шешуші финалға келіп отырмыз. Бұл жарыста ұпай екі еселеніп есептеледі, сондықтан әрбір нәтиженің маңызы зор. Ең бастысы, Еуразиялық лиганың атынан Әлем кубогының Гранд-финалына жолдама алу үшін күресеміз», – деді Нұрила Тұрысбекова.

Шабандоз жарыстың үлкен және кіші айналымдарында өнер көрсетеді. Оның айтуынша, үлкен айналымда кедергілердің биіктігі 160 сантиметрге дейін жететін Гран-при бағытына дайындалып жатыр. Кіші айналымда 135 сантиметрлік кедергілерден өтеді.

Азия ойындарындағы тәжірибе

Нұрила Тұрысбекова халықаралық аренада Қазақстан атынан бірнеше рет өнер көрсеткен. Оның спорттық мансабындағы маңызды кезеңдердің бірі – Жапонияда өткен Азия ойындары. Қазақстан құрамасы бұл жарыста командалық есепте финалға дейін жеткен.

«Азия ойындарында ат спорты бағдарламасы жарыстың соңғы кезеңдерінің бірі болды. Іріктеу төрт күнге созылды. Командалық есепте жүлделі орынға ие бола алмасақ та, финалға өттік. Қазақстан соңғы 20 жылда алғаш рет Азия ойындарында командалық есепте қатысып, үздік 20 шабандоздың қатарына кірді. Бұл біздің команда үшін маңызды тәжірибе болды», – деді спортшы.

Әлемдік жарыстардан айырмашылығы қандай?

Конкурдан Әлем кубогы бір ғана турнирден тұрмайды. Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) жарыс жүйесінде әлемнің әртүрлі аймақтарында бірнеше іріктеу лигасы өткізіледі. Солардың қатарында Еуразиялық лига да бар. Әр лигадағы нәтижелер бойынша үздік спортшылар әлемдік Гранд-финалға қатысу мүмкіндігіне ие болады.

Мәселен, 2026 жылғы әлемдік финал АҚШ-тың Форт-Уэрт қаласында өтіп, оған 18 елден 36 шабандоз қатысқан. Әлемдік финалдың жарыс бағдарламасы бірнеше кезеңнен тұрады: алғашқы екі бәсекеде спортшылар ұпай жинайды, кейін ол айып ұпайларына айналады. Соңғы кезеңге үздік нәтижелер көрсеткен спорттық жұптар өтіп, жалпы жеңімпаз ең аз айып ұпайы бойынша анықталады. 

Осы тұрғыдан алғанда, Астанадағы жарыс – Еуразиялық лига үшін маусымның шешуші кезеңі. Оның нәтижелері өңір спортшыларының әлемдік деңгейдегі бәсекеге шығуына ықпал етеді.

Шабандоз бен аттың үйлесімі маңызды

Конкур – кедергілерден өтуге негізделген ат спортының ең күрделі әрі көрерменге тартымды түрлерінің бірі. Мұнда шабандоздың жылдамдығы мен дәлдігі ғана емес, атпен өзара түсіністігі, маршрутты есептей білуі және жарыс кезінде жинақылығын сақтауы маңызды.

Нұрила Тұрысбекова дайындық кезінде аттардың физикалық жағдайымен қатар, эмоционалдық күйіне де ерекше көңіл бөлетінін айтады.

«Атпен жұмыс тек манежде жаттығумен шектелмейді. Олармен бірге уақыт өткізу, серуендету, эмоционалдық жағдайына назар аудару қажет. Әр жарыстың деңгейіне қарай дайындық тәсілі де өзгереді. Біз аттарды тек физикалық тұрғыдан емес, психологиялық жағынан да жарысқа дайындаймыз», – деді ол.

Жарыс қарсаңында спортшылар аттарымен бірге жабық аренада жаттығып, оларды жаңа ортаға бейімдеген. Себебі жарыс кезінде аттың алаңға үйренуі мен кедергілердің орналасуына бейімделуі де нәтижеге әсер етеді.

Астанадағы турнир «Арғымақ» ат спорты сауықтыру кешенінің жабық аренасында өтеді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, кедергілердің биіктігі 125-тен 155 сантиметрге дейін жетеді. Маршруттың күрделілігіне кедергілердің арақашықтығы, бұрылыстар мен олардың орналасуы да әсер етеді.

Төрт күнге жоспарланған жарыс қорытындысында Еуразиялық лиганың үздік шабандоздары анықталып, Әлем кубогының Гранд-финалына жолдама иегерлері белгілі болады.