СҚО-да әйел сиырын сатып, күйеуінен жасыру үшін полицияға жалған хабар берген

СҚО-да әйел сиырын сатып, күйеуінен жасыру үшін полицияға жалған хабар берген
ЖИ: Dalanews.kz

Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданында ауыл тұрғыны сиырын 550 мың теңгеге сатып жіберіп, кейін күйеуінен мұны жасыру үшін полицияға малдың жоғалғаны туралы арызданған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Әйел тәртіп сақшыларына үйінен шығарда қақпаны жабуды ұмытып кеткенін, ал қайтып келгенде қара түсті, басы мен бауырында ақ дақтары бар сиырының жоқ екенін айтқан.

Хабарлама түскен соң полиция мал ұрлығы болуы мүмкін деген болжаммен іздестіру жұмыстарын бастаған. Алғашқы күні аудандық полиция бөлімінің жеті қызметкері ауылды және оған жақын аумақтарды аралап, тұрғындардан жауап алған. Келесі күні іздеу жұмыстарына көршілес ауылдық округтердің учаскелік инспекторлары, кинолог пен қызметтік ит, сондай-ақ дрон операторы жұмылдырылған. Полицейлер аумақты тексеріп, бейнебақылау камераларындағы жазбаларды да қараған.

Алайда тексеру нәтижесінде сиырдың ұрланбағаны және жоғалмағаны белгілі болды. Әйел малды басқа ауданның тұрғынына 550 мың теңгеге сатып жіберген екен. Оның айтуынша, мұндай шешімге әпкесіне қаржылай көмектесу үшін барған. Бірақ сиырды күйеуінің келісімінсіз сатқандықтан, бұл әрекетін одан жасыруға тырысқан. Сөйтіп, мал жоғалды деп полицияға жалған хабар берген. Соның салдарынан тәртіп сақшылары екі күн бойы жоғалмаған сиырды іздеуге мәжбүр болған.

Құқық қорғау органдарына көрінеу жалған хабар берген әйел заң аясында жауапкершілікке тартылды.