Қазақстанның қай өңірлерінде жылу және газ желілері жаңарады?

Қазақстанның қай өңірлерінде жылу және газ желілері жаңарады?
Фото: ЖИ

2027 жылғы республикалық бюджеттен өңірлердегі инфрақұрылымды жаңартуға қосымша 47 млрд теңге қарастырылды. Құрылтай депутаттарының бастамасымен бөлінген қаражат 52 жобаны жүзеге асыруға бағытталады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қосымша қаржының басым бөлігі – 28,1 млрд теңге жылу, электр және газ жүйелерін дамытуға жұмсалады. Оның аясында бірқатар елді мекенде инженерлік желілер салынып, тозығы жеткен нысандар жаңғыртылады.

Ақмола облысының Қорғалжын ауданында жылу желілерін салу, Көкшетауда ауызсу жүйесі мен кәріз коллекторын жүргізу, ал Атбасарда орталық қазандықты қайта жаңарту жоспарланған.

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында газ құбыры мен тарату желілері тартылады. Жамбыл облысының Талас ауданында газ жүйесі салынып, Тараз қаласында жаңа қосалқы станция бой көтермек.

Қарағанды облысындағы Ақсу-Аюлы, Еркіндік, Өспен және Сәкен Сейфуллин ауылдарын газбен қамту көзделіп отыр. Сондай-ақ Абай ауданындағы магистральдық жылу желісінің бір бөлігі қайта жаңартылады.

Қостанай облысының Қамысты ауданында газ тарату желілері салынып, Арқалық пен Лисаковск қалаларындағы магистральдық жылу жүйелері жөнделеді. Қызылорда облысында Сунақата, Еңбек, Екпінді, Қожаберді және Сүттіқұдық ауылдарына газ жеткізу жоспарланған.

Маңғыстау облысының Ақтау қаласында қазандық салынады. Семейдегі екі мектептің орталық жылу пункттері мен жылу желілері қайта жаңғыртылып, қуат трансформаторлары ауыстырылады. Сонымен қатар «Қуаныш» балабақшасынан Мәңгілік Ел көшесіне дейінгі жылу жүйесін жөндеу қарастырылған.

Солтүстік Қазақстан облысының Новоишимское ауылында магистральдық жылумен жабдықтау желілері салынады. Уәлиханов және Ақжар аудандарында жоғары кернеулі сақиналы электр желісі жүргізіледі. Өскемендегі қазандық пен Текелі қаласындағы жылу желілері де жаңартылады. Ұлытау облысында газ құбыры мен Атасу автоматтандырылған газ тарату станциясын салу жоспарланған.

Бұдан бөлек, Атырау облысында елді мекендерді тасқыннан қорғауға 2,5 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаражат Алға ауылындағы, сондай-ақ Махамбет ауданындағы Махамбет, Бейбарыс және Талдыкөл елді мекендерінің маңында Жайық өзенінің жағасын бекітуге жұмсалмақ.

Қостанай, Түркістан және Ұлытау облыстарындағы сумен жабдықтау жүйелерін дамытуға 4,9 млрд теңге қарастырылған.

Сондай-ақ Павлодар әуежайының терминалы мен басқа да нысандарын қайта жаңарту және Шымкентте бір ауысымда 500 адам қабылдайтын қалалық емхана салу үшін 2,5 млрд теңге бағытталады. Ақтөбе, Жетісу және Батыс Қазақстан облыстарындағы жобаларды қолдауға тағы 6,5 млрд теңге бөлінбек.