Өзбекстандық ғалым Қазақстанда тыңшылық жасады деген айыппен 10 жылға сотталды

Өзбекстандық ғалым Қазақстанда тыңшылық жасады деген айыппен 10 жылға сотталды
Ашық дереккөз

Мақсұт Нәрікбаев атындағы университеттің бұрынғы оқытушысы, Өзбекстан азаматы Икболжон Карабоев Қазақстанда тыңшылық жасады деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы оның туыстарына сілтеме жасаған «Азаттық Азия» мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Басылымның мәліметінше, 46 жастағы ғалымды сот Қазақстан Қылмыстық кодексінің 176-бабы бойынша кінәлі деп таныған. Сот отырыстары іс материалдарында құпия ақпарат болғандықтан жабық режимде өткен. Карабоевтың отбасы үкім шыққаны туралы ресми органдардан емес, өз дереккөздері арқылы білген.

Профессор 2026 жылғы 3 шілдеде Астанада ұсталған. Ол бұған дейін Мақсұт Нәрікбаев атындағы университетте халықаралық қатынастар пәнінен сабақ берген. Қылмыстық кодекстің «Тыңшылық» бабы бойынша 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Карабоевтың ғылыми жұмыстары Орталық Азиядағы өңірлік интеграция, геоэкономика және стратегиялық маңызы бар минералдық ресурстар тақырыптарын қамтыған. Әріптестерінің айтуынша, ол зерттеулерінде ашық дереккөздердегі ақпаратты пайдаланған.

Ғалымның туыстары тергеу мен сот материалдарымен танысуға, сондай-ақ үкімнің көшірмесін алуға мүмкіндік берілмегенін айтады. Олардың сөзінше, сұратылған ақпараттың барлығына «аса құпия» деген белгі қойылған. Отбасына айыптау бойынша ғалымның кімнің мүддесі үшін жұмыс істегені және сотқа қандай дәлелдер ұсынылғаны да хабарланбаған.

«Тергеу барысы мен оның нәтижелері туралы ақпарат берілген жоқ. Айыптауға қатысты нақты материалдар мен дәлелдерді алған жоқпыз», – деген ғалымның аты-жөнін жарияламауды өтінген туыстарының бірі.

Отбасы Қазақстан президентіне, Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге және құқық қорғау ұйымдарына бірнеше рет өтініш жолдаған. Алайда олардың айтуынша, мемлекеттік органдардан нақты жауап ала алмаған.

Қазір туыстары үкімге шағым түсіріп, профессорды толық ақтауға ниетті. Олар тергеу және сот материалдарын беруді, ғалымды бұрынғы қызметіне қайта орналастыруды, еңбек құқықтарын қалпына келтіруді және істегі ықтимал заң бұзушылықтарды ресми мойындауды талап етіп отыр.

«Азаттық Азия» басылымы Қазақстан мен Өзбекстанның ресми органдары әзірге үкімге қатысты түсініктеме бермегенін атап өтті. Карабоев – Өзбекстан азаматы. Өзбекстан тарапының да бұл іске қатысты ұстанымы белгісіз.

Айта кетейік, 3 қыркүйекте Dala News ҰҚК-нің ресми жауабына сілтеме жасап, Қазақстанның Карабоевтың ісі туралы Өзбекстанға ресми түрде хабарлағанын жазған.