Словакияда төрт қазақстандық адам ұрлады деген күдікпен ұсталды

Словакияда төрт қазақстандық адам ұрлады деген күдікпен ұсталды
TN Live

Словакияда адам ұрлауға күдікті төрт Қазақстан азаматы ұсталды. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ведомствоның мәліметінше, ұсталған азаматтардың туыстарымен байланыс орнатылған. Жағдай министрліктің бақылауында.

Словакиялық TN Live телеарнасының хабарлауынша, оқиға Тренчин қаласында болған. Бес жас жігіт егде жастағы әйелдің үйіне келіп, өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар әйелдің немересін іздеген.

Жергілікті БАҚ мәліметінше, ер адам үйден табылып, соққыға жығылған. Шабуыл жасағандардың мақсаты ақша бопсалау болуы мүмкін деген болжам бар.

Кейін келген адамдардың құқық қорғау органдарының қызметкерлері емес екені анықталған. TN Live ақпараты бойынша, полиция 18 бен 21 жас аралығындағы төрт күдіктіні ұстаған. Олардың барлығы Қазақстан азаматтары әрі жергілікті университеттің студенттері екені хабарланды.

Оқиғаға қатысы болуы мүмкін бесінші адам әзірге табылған жоқ. Тергеу жалғасып жатыр.