Алматыдағы №2 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің манежінде болған өртке дәнекерлеу жұмыстары кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы себеп болған. Бұл туралы журналист Михаил Козачковтың Telegram-арнасында жазылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Дереккөздің мәліметінше, ғимаратта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде дәнекерлеу барысында ұшқын шашырап, соның салдарынан өрт шыққан. Осы оқиғаға байланысты Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті қылмыстық істі тергеп жатыр.
Еске салайық, өрт 15 қарашада Алмалы ауданындағы Брусиловский көшесінде орналасқан екі қабатты ғимаратта болған. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде ғимарат ашық жалынға оранған. Өрт көршілес нысандарға таралу қаупін тудырған.
Құтқарушылар өртті сағат 10:25-те толық сөндірді. Зардап шеккендер болған жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, жалын шамамен 1,1 мың шаршы метр аумақты зақымдаған.
Қалалық спорт басқармасының хабарлауынша, манеж бұрынғы орнында қалпына келтіріледі. Мамандар алдымен ғимараттың техникалық жағдайын тексеріп, содан кейін жөндеу жұмыстарының көлемі мен мерзімін анықтайды.
Өрт салдарынан жаттығу орнысыз қалған 352 спортшының дайындығы басқа спорт нысандарында жалғасады. Оларды жаттығу орындарына жеткізу үшін автобустар бөлінеді.