Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Қазақстанның зейнетақы жүйесі 55 елдің ішінде 29-орынға ие болды

Қазақстанның зейнетақы жүйесі 55 елдің ішінде 29-орынға ие болды
magnific.com

Қазақстанның зейнетақы жүйесі 2026 жылғы Marsh CFA Institute Global Pension Index (MCGPI) халықаралық рейтингінде 55 елдің арасында 29-орынға тұрақтады. Зерттеу нәтижесі бойынша елімізге «C+» бағасы берілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Marsh халықаралық компаниясы CFA Institute-пен бірлесіп жүргізген зерттеуде әлемнің 55 елінің зейнетақы жүйесі бағаланған. Бұл елдерде дүниежүзі халқының 66 пайызы тұрады.

Зерттеу зейнетақы жүйелерін үш негізгі бағыт бойынша салыстырады. Олар – зейнетақымен қамсыздандыру деңгейі, қаржылық тұрақтылық және жүйенің тұтастығы, яғни басқару сапасы, ашықтығы мен қатысушылардың құқықтарын қорғау деңгейі.

Қазақстан «Тұтастық» көрсеткіші бойынша 83 балл жинап, былтырғы нәтижесін 1,9 балға жақсартты. Бұл бағытта еліміз зейнетақы жүйесін реттеу, басқару, азаматтардың құқықтарын қорғау және ақпараттандыру көрсеткіштері бойынша бағаланған.

«Тұрақтылық» қосалқы индексінде Қазақстан 74,4 балл иеленді. Былтыр бұл көрсеткіш 74,2 балл болған. Ал зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін сипаттайтын «Лайықтылық» индексі бойынша нәтиже 44,9 балды құрады. 2025 жылы бұл көрсеткіш 47 балл болған.

Осылайша, Қазақстанның жалпы көрсеткіші 64,8 баллды құрады. Бұл өткен жылғы нәтижеден 0,2 балға төмен. Зерттеу авторлары жалпы көрсеткіштің өзгеруін ерікті зейнетақы жарналарына салық салу тәртібінің өзгеруімен байланыстырады.

Атап айтқанда, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексіне сәйкес, зейнетақы жарналары аударылған кезде салық салынады. Ал жинақтың инвестициялық кірісі мен кейінгі зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылады. Бұған дейін салық зейнетақы төлемдерін алу кезінде ұсталатын.

Қазақстанға қандай ұсыныстар берілді?

Халықаралық сарапшылар Қазақстанның зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту үшін бірнеше бағытты ұсынған. Олардың қатарында әлеуметтік осал санаттағы зейнеткерлерді қолдаудың ең төменгі деңгейін арттыру, азаматтарды зейнетақы жинақтарын көбейтуге ынталандыру және егде жастағы адамдардың еңбек қызметіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту бар.

Сондай-ақ сарапшылар азаматтарға жыл сайын берілетін зейнетақы үзінді көшірмелерінде болашақ төлемдердің болжамды мөлшерін көрсетуді ұсынған.

Рейтинг көшбасшылары кімдер?

2026 жылғы рейтингте Нидерланд 85,8 баллмен бірінші орынға шықты. Дания 84,1 баллмен екінші, Исландия 84 баллмен үшінші орынға ие болды. Бұл үш ел де «А» санатындағы бағасын сақтаған.

Ал рейтингке енген 55 елдің орташа көрсеткіші 65,3 балды құрады. Бұл 2025 жылғы нәтижеден 0,8 балға жоғары.

Зерттеу авторлары әлем елдерінің зейнетақы жүйесіне демографиялық өзгерістер, халықтың қартаюы, өмір сүру ұзақтығының артуы және еңбекке қабілетті халық үлесінің азаюы әсер етіп отырғанын атап өтеді. Осыған байланысты зейнетақы жүйелерінің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мен жинақтаушы тетіктерді дамыту маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.