Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Досай Кенжетай: Ясауи ілімінің негізінде адамға деген махаббат жатыр

Досай Кенжетай: Ясауи ілімінің негізінде адамға деген махаббат жатыр
ЖИ | Dala News

Қожа Ахмет Ясауи мұрасы – қазақ халқының рухани дүниетанымындағы маңызды құндылықтардың бірі. Оның адамды сүю, рухани кемелдену, білімге ұмтылу және бауырластық қағидаттары бүгінгі қоғам үшін де өзекті. Әсіресе жастардың діни сауатын арттыру мен деструктивті діни ағымдардың ықпалына қарсы тұруда Ясауи ілімінің маңызы зор. Осы орайда дінтанушы, профессор Досай Кенжетаймен сұхбаттасып, Ясауи мұрасының негізгі құндылықтары, оны насихаттау жұмыстары және діни экстремизмнің алдын алудағы мүмкіндіктері туралы әңгімелестік.

– Қожа Ахмет Ясауи ілімінің негізгі құндылықтары қандай және оларды бүгінгі қоғамдағы діни радикализмге қарсы тұру құралы ретінде қалай пайдалануға болады?

«Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың ілімі – хал ілімі деп аталады. Оның негізгі құндылығы – адамның рухани қабаты. Сондықтан басты принципі – махаббат. Яғни адамзатты сүю. Абай айтқандай, «Алланы сүй, жаннан тәтті». Абайдың осы игі ұстанымдарын Ясауи ілімінің жалғасы деп айтуға болады.

Бүгінгі қоғамдағы діни радикализмге қарсы тұру мәселесіне келсек, ең алдымен, Ясауидің адамды дініне, тіліне, түріне, түсіне, тегіне қарамай сүю қағидатына назар аударуымыз керек. Себебі адам – Алланың жаратқан құлы. Сондықтан жақсы-жаман, ақ-қара, күшті-әлсіз деп бөлмей, барлығына махаббатпен қарау қажет.

Ясауидің «Фақырнама» еңбегінде де осыған ұқсас ой айтылады. Онда бір дастарқан басында отырған адамның яһуди, христиан, отқа немесе пұтқа табынушы екеніне мән бермейтін адам нағыз мұсылман ретінде сипатталады.

Міне, оның ұстанымы осындай. Сондықтан адамдар арасындағы діни алауыздық пен танымдық қайшылықтардан бұрын, ең алдымен, адамның өзіне, оның тұлғалық болмысына назар аударуымыз керек. Оның психологиялық жағдайы, алған тәрбиесі, дүниетанымы маңызды. Осы тұрғыдан қарағанда ғана Ясауи жолының негізгі принциптеріне орала аламыз».

– Ясауи ілімін ұстану адамның жат діни ағымдардың ықпалына түсуіне қалай тосқауыл бола алады? Оның қандай нақты рухани және дүниетанымдық тетіктері бар?

«Қазіргі кезде жат діни ағымдардың ықпал ету тетіктерінің бірі – манипуляция. Ал Ясауи іліміндегі хал әлемі адамның өзін-өзі тануына бағытталған. Ең алдымен, адам «Мен кіммін?», «Қайдан келдім?», «Бұл дүниедегі міндетім қандай?» деген сұрақтарға жауап іздеуі керек.

Одан кейін шариғат тұрғысынан өз дінін танып, дәстүрлі діни тәжірибесін, діни танымын, сенім негіздерін, яғни ақидасын білім арқылы қалыптастыруы қажет. Ясауи хикметтерінде де білім мен рухани кемелдену мәселесіне ерекше мән беріледі. Оның шығармалары адамның руханиятын жетілдіруге бағытталған.

Ясауи іліміндегі нақты рухани және дүниетанымдық тетіктерге келсек, оның шариғат, тариқат, мағрифат, ақиқат деген төрт сатысы бар. Бірінші кезекте адам өз дінін танып-білуі керек. Бұл білімді өзгеден дайын күйінде қабылдау емес, өз бетінше зерттеп, зерделеу арқылы игеру деген сөз.

Абай айтқандай, иманды тақлиди жолмен емес, зерттеу арқылы қалыптастыру қажет. Адам өзінің діни сеніміне саналы түрде келуі керек. Бұл жолда ешқандай мәжбүрлеу болмауы тиіс. Сонда адам кез келген діни ағымның қандай екенін өзі саралап, оның ұстанымын бағалай алады.

Демек, Ясауи іліміндегі басты тетіктер – білім, өзін-өзі тану, рухани тәрбие және саналы діни таңдау».

– Қазіргі таңда жастардың деструктивті діни ағымдарға қызығушылығының негізгі себептері неде? Ясауи мұрасын насихаттау бұл мәселеге қаншалықты ықпал ете алады?

«Қазіргі жастардың деструктивті діни ағымдарға қызығушылығының бірнеше себебі бар. Соның бірі – олардың қоғамдағы өз орнын табуға деген қажеттілігі. Кейбір діни топтар жастарға әлеуметтік орта, тұрақты қарым-қатынас, қолдау көрсететін қауымдастық ұсынады. Бұл жастарды өз қатарына тартудың бір тетігіне айналған.

Мұндай топтар жастардың әлеуметтік қажеттіліктерін пайдаланады. Мысалы, олардың жұмысқа орналасуына, тұрмыстық мәселелерін шешуіне көмектесетіндей әсер қалдырады. Сонымен қатар белгілі бір жамағаттың мүшесі болу арқылы жастар өздерін қоғамда маңызды сезінуі мүмкін.

Шындығында, қазіргі қоғамда жастардың жалғыздық мәселесі де бар. Өз ортасын, достарын, мүдделестерін табу оңай емес. Сондықтан жастармен жұмыс істеудің әлеуметтік тетіктерін дамытуымыз қажет. Олардың өзара қарым-қатынасын нығайтуға арналған кездесулер, семинарлар, дөңгелек үстелдер, концерттер мен басқа да қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылуы керек. Яғни жастардың қоғамға араласуына жағдай жасау маңызды.

Ал Ясауи мұрасы бұл бағытта маңызды дүниетанымдық негіз бола алады. Ясауи «заман, мақан, ихуан, рабт-и сұлтан» деген төрт ұстанымды ұсынады. Мұндағы заман – уақыт, мақан – кеңістік, ихуан – бауырластық, ал рабт-и сұлтан – мемлекетке адалдық дегенді білдіреді.

Заман – адамның өз уақытын бағалауы. Жастар уақытын босқа өткізбей, білім алып, тұлғалық және рухани тұрғыдан дамуға ұмтылуы керек.

Мақан – адамның өмір сүретін кеңістігі. Осы кеңістікте ол өзінің ішкі тыныштығын тауып, рухани еркіндікке жетуі қажет. Бұл – нәпсіден арылу, білім алу, хикметке бой ұсыну деген сөз.

Ихуан – бауырластық пен өзара құрмет. Абай да «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп айтқан. Адамдар бір-бірін сыйлап, қадірлеуі керек. Бұл – қоғамдағы бірлікті қалыптастыратын маңызды құндылық.

Ал рабт-и сұлтан – мемлекетке адалдық. Мемлекет – адамның құндылықтарын, құқықтары мен қауіпсіздігін қорғап, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ететін жүйе. Сондықтан оған құрметпен қарау қажет.

Осы төрт ұстаным жастардың өмірлік бағдарын қалыптастырып, қоғаммен байланысын нығайтуға ықпал етеді. Ясауи мұрасын насихаттау арқылы жастарға рухани тәрбие беріп қана қоймай, олардың қоғамдағы орнын табуына да көмектесе аламыз».

– Қазақстанда Ясауи ілімін насихаттау жұмыстары жеткілікті деңгейде жүргізіліп жатыр ма? Оны білім беру ұйымдарында, жоғары оқу орындарында және мемлекеттік органдарда кеңінен таныту үшін не істеу қажет?

«Меніңше, Қазақстанда Ясауи ілімін насихаттау жұмыстары әзірге жеткілікті деңгейде жүргізіліп жатқан жоқ. Өзім байқағандай, бұл бағыттағы жұмыстар негізінен Түркістан облысында ғана біршама көрініс тауып отыр. Ясауидің хикметтері, мұрасы мен тұлғасын таныту бағытында белгілі бір жұмыстар жүргізілгенімен, оларды кеңінен насихаттау әлі де қажет.

Дегенмен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Үкімет тарапынан Ясауи мұрасын насихаттауға арналған 17 тармақтан тұратын бағдарлама қабылданды. Ол 2027–2029 жылдарға арналған. Енді осы бағдарламаның қалай жүзеге асатынын көреміз.

Аталған жұмыстың аясында Ясауидің өмір сүрген кезеңі, білім алған ортасы, шығармалары, артында қалдырған мұрасы, хал ілімінің мәні, ақиқаты мен негізгі идеялары жан-жақты зерттеліп, қоғамға таныстырылуы қажет.

Сонымен қатар Ясауитануды білім беру жүйесіне енгізу маңызды. Мектептерден бастап, колледждер мен жоғары оқу орындарына дейін осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізілуі керек. Ол үшін арнайы оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеу қажет. Ясауи мұрасын білім беру ұйымдарында кеңінен танытып, ғылыми тұрғыдан зерттеуге басымдық берген жөн».

– Діни экстремизмнің алдын алу бағытында теологтар мен құқық қорғау органдарының жұмысы қалай үйлесуі керек? Ясауи ілімін насихаттау бұл жұмыстың қандай жаңа мүмкіндіктерін ашады?

«Қазіргі уақытта теологтар мен құқық қорғау органдарының арасында белгілі бір деңгейде өзара байланыс бар деп есептеймін. Мұны ғылыми конференциялардан, дөңгелек үстелдерден және басқа да бірлескен іс-шаралардан көруге болады. Құқық қорғау органдары мен жоғары оқу орындарының факультеттері, кафедралары арасында да ынтымақтастық қалыптасқан.

Алайда бұл жұмыстарда Ясауи ілімін насихаттау бағыты әлі де толыққанды қамтылмай отыр. Егер Ясауи мұрасын діни экстремизмнің алдын алу жұмыстарына жүйелі түрде енгізсек, жаңа мүмкіндіктер ашылады.

Бұл, ең алдымен, біздің тарихи діни танымымызды терең түсінуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы айтқан дәстүрлі мұсылмандық түсініктің негізінде де Ясауи ілімінің маңызды қағидаттары жатыр.

Ясауи іліміндегі махаббат, хикмет пен даналық, мағрифатқа, яғни ішкі танымға ұмтылу, рухты тәрбиелеу және сананы тазарту идеялары адамның тұлғалық тұрғыдан кемелденуіне бағытталған.

Сондықтан осы құндылықтарды діни экстремизмнің алдын алу шараларында тиімді пайдалануға болады. Ясауи мұрасы бізге тарихи және рухани негізі бар маңызды платформаны қалыптастыруға мүмкіндік береді деп ойлаймын».

Қорыта келе, Досай Кенжетай Ясауи мұрасын насихаттау тек тарихи тұлғаның еңбектерін таныстырумен шектелмеуі керектігін атап өтті. Оның пікірінше, бұл ілімнің адамгершілік, махаббат, бауырластық, білім мен рухани кемелдену қағидаттарын қазіргі қоғам өміріне енгізу маңызды. Әсіресе жастардың діни сауатын арттырып, ұлттық рухани құндылықтарға негізделген дүниетанымын қалыптастыру деструктивті діни ағымдардың алдын алуға ықпал етеді. Сондықтан Ясауи мұрасын білім беру жүйесінде кеңінен насихаттап, оны діни ағартушылық жұмыстың маңызды бағытына айналдыру қажет.