Алматы қаласының ішкі саясат басқармасына Әзиз Оралбекұлы Қажденбек басшы болып тағайындалды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әзиз Қажденбек 1993 жылғы 24 сәуірде Қызылорда облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтын бітірген.
Білімі бойынша «Органикалық заттардың химиялық технологиясы», «Мұнай-химия», «Менеджмент және басқару», «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтарын меңгерген.
Еңбек жолын 2017 жылғы Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы дайындау және өткізу дирекциясында бастаған. Сондай-ақ «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінде волонтерлер жұмысына жетекшілік еткен. Кейін ALT University және UIB білім беру ұйымдарында басшылық қызметтер атқарған.
2022 жылғы тамыздан 2023 жылғы наурызға дейін Алматы қаласының Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры болды.
2023 жылғы наурыздан бастап Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды. Ал 2024 жылғы тамызда осы басқарманың басшысы болып тағайындалған.
2026 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.