Қазақстанда мобильді байланыс сапасына қатысты 432 «ақ дақ» әлі де бар, деп хабарлайды dalanews.kz.
Үкімет отырысында жаслан Мәдиевтің айтуынша, 2024–2025 жылдары анықталған 1 052 «ақ дақтың» 213-і әлі жойылмаған. Ал 2026 жылы жүргізілген жоспарлы өлшеулер кезінде тағы 289 проблемалық учаске тіркелген. Оның 70-інде байланыс сапасы жақсартылған.
Министрдің сөзінше, учаске тұрақты бақылаудан тек қайталама өлшеулер байланыс сапасының қалыпқа келгенін растағаннан кейін ғана алынады.
Осы аумақтардың әрқайсысында әкімдіктер байланыс нысандарын салуға жер бөліп, оларды электр желісіне қосуды қамтамасыз етуі керек.
Мәдиевтің мәліметінше, 2027 жылдың қаңтарынан бастап әкімдіктер уәкілетті органмен бірлесіп, еліміздің барлық ауылындағы мобильді байланыс сапасын тексеруге кірісуі тиіс.
Сонымен қатар министр республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын мобильді байланыспен қамту жұмыстарының баяу жүріп жатқанын атап өтті.
Оның айтуынша, бұл үшін жалпы ұзындығы 40 мың шақырым болатын жол бойында 500-ден астам антенна-діңгек құрылысын салу қажет. Министр жоба инвесторына құрылысты жеделдетіп, нысандарды 2027 жылдың соңына дейін пайдалануға беруді тапсырды.