Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Қазақстанда спутниктік интернет 120 мыңнан астам үй шаруашылығына қолжетімді болады

Қазақстанда спутниктік интернет 120 мыңнан астам үй шаруашылығына қолжетімді болады
pixabay.com

Қазақстанда 2027 жылға қарай спутниктік интернет 120 мыңнан астам үй шаруашылығын қамтиды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Үкімет отырысында «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстандағы абоненттердің 64%-ы оптикалық байланыс желілеріне қосылған. 2024 жылы бұл көрсеткіш 53% болған. Заманауи желілерге көшу елдегі интернет жылдамдығын орта есеппен 70%-ға арттырған.

2025–2027 жылдарға арналған инвестициялық келісім аясында байланыс желілерін, соның ішінде экономикалық тұрғыдан тиімсіз аудандарда дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспардың орындалу деңгейі 39%-ды құраған.

Қазіргі уақытта 3 008 ауылдың 1 183-і интернетке қосылған. Сонымен қатар 1 683 мемлекеттік мекеме, оның ішінде 797 мектеп пен 303 фельдшерлік-акушерлік пункт желіге қосылды. Осы мақсатта 16 444 шақырым магистральдық оптикалық байланыс желісі тартылған.

Спутниктік интернетті іске қосу Amazon LEO компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылмақ. Қазір Ақкөл мен Алатауда жерүсті стансалары салынып жатыр. Үшінші стансаны Атырауда салу жоспарланған.

Бұдан бөлек, 2026 жылғы қазанда ұзындығы 380 шақырым болатын суасты Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі іске қосылды. Оның өткізу қабілетін 2036 жылға қарай секундына 21 терабитке дейін жеткізу көзделген.

Елдегі жергілікті трафик үлесі 53%-дан асқан. Ал 2026 жылғы қарашада Қосшы қаласында өнімділігі 4 320 петафлопс болатын Al-Farabium-II суперкомпьютері іске қосылған. Ол 480 NVIDIA B300 чипімен жабдықталған.

Сонымен қатар 2025 жылғы шілдеден бастап Бас прокуратураның антифрод орталығының жасанды интеллект жүйелері бес миллионнан астам алаяқтық қоңыраудың жолын кескен.

Бағдат Мусин Үкіметке телекоммуникация саласын дамытуға қатысты үш заңнамалық ұсыныс енгізді.

Біріншісі, байланысты электр, су және жылу сияқты негізгі инфрақұрылыммен тең дәрежеде қарастырып, оған кезең-кезеңімен бірдей құқықтық мәртебе беру.

Екіншісі, байланыс кабельдерін зақымдағаны үшін жауапкершілікті күшейту. 2026 жылдың алғашқы он айында желілердің зақымдануына қатысты 459 жағдай тіркелген. Салдарынан байланыс жұмысы жиынтығында 80 күнге тоқтаған. Қазір мұндай құқық бұзушылық үшін ең жоғары айыппұл 120 АЕК немесе 519 мың теңгені құрайды.

Үшіншісі, жаңа ғимараттарға арналған құрылыс стандарттарын енгізу. Ұсыныс бойынша, құрылыс салушылар тұрғын үйлерді пайдалануға берген кезде әр пәтерге дейін оптикалық кабель тартуды және 5G базалық стансаларына арналған жабдықталған орындарды қарастыруы керек.