Қазақстанда 2027 жылдың соңына дейін үшінші буындағы 3G мобильді байланысын тоқтатып, оны 4G желісімен алмастыру жоспарланып отыр. Бұл туралы вице-премьер – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жоспарға сәйкес, осы мерзімге дейін 4G желісі 5 291 ауылды қамтуы тиіс. Сонымен қатар 5G технологиясын 70 қала мен 300 ауылға жеткізу көзделген.
Министрдің айтуынша, бүгінде елдегі ауылдардың 84 пайызы мобильді интернетпен қамтылған.
"3G базалық станцияларын жаңартып, 4G-ге көшіріп жатырмыз. Қалалар мен ауылдарда 5G желісін де кеңейтіп келеміз", – деді Жаслан Мәдиев.
3G желісін кезең-кезеңімен тоқтату арқылы байланыс сапасын жақсартып, өңірлердегі интернет жылдамдығын арттыру жоспарланған.