Зейнетақы жинағының 108,5 млрд теңгесі “Самұрық-Қазынаға” салынды

Зейнетақы жинағының 108,5 млрд теңгесі “Самұрық-Қазынаға” салынды
Фото: ЖИ

Қазан айында қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының 108,5 млрд теңгесіне "Самұрық-Қазына" қорының облигациялары сатып алынды. Бұл қаражат қорға біржола берілген жоқ. "Самұрық-Қазына" белгіленген мерзімде ақшаны сыйақысымен бірге қайтаруға тиіс, деп хабарлайды dalanews.kz.

Зейнетақы активтерін басқаратын Ұлттық банк бір айдың ішінде жалпы сомасы 763 млрд теңгеден асатын қаражатты түрлі қаржы құралдарына салған. Оның ішінде Қазақстан мен АҚШ-тың мемлекеттік бағалы қағаздары да бар.

БЖЗҚ инвестициялық портфелінің ең үлкен бөлігі Қазақстан Қаржы министрлігінің бағалы қағаздарына тиесілі. Олардың үлесі 46 пайыздан асады.

2026 жылдың алғашқы он айында зейнетақы активтерінен 1,3 трлн теңге инвестициялық кіріс түсті. Осы кезеңдегі зейнетақы жинақтарының кірістілігі 4,92 пайыз болды. Яғни салымшылардың қаражаты әртүрлі қаржы құралдарына салынып, одан түскен табыс олардың зейнетақы шоттарына бөлінеді.