Ірі бизнеске несие азайды: банк талаптары жеңілдетілмек

Ірі бизнеске несие азайды: банк талаптары жеңілдетілмек
Фото: baq.kz

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктердің бизнеске несие беруін ынталандыру үшін талаптарды жеңілдетпек. Жоспарланған шаралар туралы агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова Алматыда екінші деңгейлі банктердің басшылары және Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының өкілдерімен өткен жиында айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Nege.Aqsha мәліметінше, жаңа өзгерістер банктердің кәсіпкерлерге көбірек қаржы бөлуіне мүмкіндік береді. Атап айтқанда, банк капиталына қойылатын жүктемені азайту, бизнестің қолындағы мүлікті кепілге қабылдау аясын кеңейту және өтімділікке қатысты бірқатар талаптың қолданысын ұзарту ұсынылып отыр.

Сонымен қатар бірнеше банктің бір ірі жобаға бірлесіп несие беруіне мүмкіндік беретін синдикатталған қаржыландыру тетігін дамыту жоспарланған. Бұл әсіресе қомақты қаражатты қажет ететін өндірістік және инфрақұрылымдық жобалар үшін маңызды.

Реттеушінің мұндай қадамға баруына корпоративтік несие нарығындағы теңсіздік себеп болып отыр. 2026 жылдың тоғыз айында бизнеске берілген несие көлемі 18 пайызға өскен. Кәсіпкерлерге берілген қарыздардың жалпы несие айналымындағы үлесі 56,2 пайызға жетті.

Алайда бұл өсім негізінен шағын және орта бизнеске берілген несиелердің есебінен қалыптасқан. Ал ірі компаниялардың несие портфелі жыл басынан бері 7,2 пайызға қысқарды. Жаңа шаралар осы алшақтықты азайтып, банктерді ірі бизнес жобаларын да белсенді қаржыландыруға ынталандыруы тиіс.