Қазақстандықтар ақшасын қай банкте көбірек сақтайды?

Қазақстандықтар ақшасын қай банкте көбірек сақтайды?
жи: dalanews

Қазақстандағы екінші деңгейлі банктерде халықтың депозит түрінде сақтаған қаражаты 30,7 трлн теңгеге жетті. Дегенмен қыркүйек айында депозит нарығындағы өсім қарқыны бәсеңдеген. Соған қарамастан, кейбір банктер салым көлемін арттырып, үздіктер қатарынан көрінді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Депозит көлемі бойынша көш бастаған банктер

Қыркүйек айының қорытындысы бойынша Қазақстан банктеріндегі жеке тұлғалардың депозиттері 30,7 трлн теңгені құрады. Алдыңғы аймен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріс байқалмаған. Бұл депозит нарығындағы өсімнің баяулағанын көрсетеді.

Бұған базалық мөлшерлеменің төмендеуі әсер етуі мүмкін. Өйткені ол банктердің депозиттер бойынша ұсынатын сыйақы мөлшерлемесіне де ықпал етеді. Нәтижесінде халықтың жаңа салым ашуға деген қызығушылығы төмендеуі ықтимал.

Қыркүйекте еліміздегі 23 банктің тек тоғызы ғана жеке тұлғалардың депозит көлемін ұлғайта алған.

Айлық өсім бойынша бірінші орынға Kaspi Bank шықты. Бір айда банктегі халық салымы 93,9 млрд теңгеге немесе 1,2 пайызға артқан.

Екінші орында Freedom Bank тұр. Оның депозит портфелі 27,2 млрд теңгеге, яғни 2,5 пайызға көбейген.

Алғашқы үштікті Отбасы банк түйіндеді. Мұндағы салым көлемі бір айда 26,2 млрд теңгеге немесе 0,8 пайызға өскен.

Бір жылда қай банктердің депозиті көбейді?

Айлық көрсеткіштердегі баяулауға қарамастан, жылдық өсім айтарлықтай жоғары. Соңғы 12 айда қазақстандықтардың банктердегі депозиттері 4,2 трлн теңгеге көбейіп, 16 пайыздық өсім көрсеткен.

Жылдық өсім бойынша да Kaspi Bank бірінші орында. Бір жыл ішінде банктегі жеке тұлғалардың салымы 1,4 трлн теңгеге немесе 20,7 пайызға артқан. Нәтижесінде депозит портфелі 8 трлн теңгеге жуықтаған.

Екінші орында – Отбасы банк. Ондағы халық салымы бір жылда 819,8 млрд теңгеге немесе 30,8 пайызға өскен.

Үшінші сатыға Банк ЦентрКредит жайғасты. Банктің жеке тұлғалар депозиті 586,5 млрд теңгеге немесе 18,6 пайызға ұлғайған.

Ал үздік бестіктің қатарына Halyk Bank пен ForteBank те енді. Соңғы бір жылда Halyk Bank депозиттері 542,2 млрд теңгеге, ал ForteBank салымдары 343,5 млрд теңгеге артқан.

Жалпы көрсеткіштер қазақстандықтардың жинақ ақшасының басым бөлігі ірі банктерде шоғырланғанын аңғартады. Алдағы уақытта банктер арасындағы бәсеке тек депозиттің жоғары пайыздық мөлшерлемесімен шектелмеуі мүмкін. Салымшылар үшін мобильді қосымшаның ыңғайлылығы, депозитті толықтыру және ақша шешіп алу шарттары, сондай-ақ банкке деген сенім де маңызды рөл атқарады.

Осылайша депозит нарығының алдағы өсімі базалық мөлшерлеменің өзгеруіне және банктердің клиент тарту стратегиясына байланысты болмақ.