Қазақстанда азаматтардың өтінішін бір мекемеден екіншісіне негізсіз жолдай беруге тосқауыл қойылмақ. Енді шағым бірнеше мемлекеттік органды аралаған жағдайда, жауапты ведомство оны не себепті өзі қарай алмайтынын заң нормаларына сүйеніп түсіндіруге тиіс, деп хабарлайды dalanews.kz.
Азаматтардың өтініштерін қарау сапасы Президент әкімшілігінің бақылауымен өткен кеңесте сөз болды. Бас прокуратура өкілдері кейбір мемлекеттік органдардың мәселенің мәніне үңілмей, дайын үлгідегі жауап беретінін және өтініштерді басқа мекемелерге негізсіз бағыттайтынын нақты мысалдармен көрсеткен.
8 қарашадан бастап күшіне енген талапқа сәйкес, өтініш үш немесе одан да көп рет қайта жолданса, кезекті мекеме ілеспе хатта бұл мәселенің өз құзыретіне неге кірмейтінін көрсетуі керек. Сонымен бірге шағымды қабылдайтын органның өкілеттігі де заңнамалық тұрғыда негізделуге тиіс.
Кеңесте азаматтар жылдар бойы көтеріп келе жатқан мәселелерге бірсарынды жауап беру тәжірибесі де сынға алынды. Мұндай қайталанатын сұраныстарды жеке хат алмасу деңгейінде қалдырмай, мемлекеттік қызмет ретінде автоматтандыру және проактивті форматқа көшіру ұсынылды.
Министрліктер мен әкімдіктерге қайталанатын шағымдардың түпкі себептерін анықтап, оларды жүйелі түрде шешу тапсырылды. Сондай-ақ өтініштерді басқа органдарға жөнсіз жолдауға және мазмұны нақты емес жауаптар беруге жол бермеу талап етілді.