Қазақстанның «Әлем аруы» байқауындағы ұлттық киімі әлеуметтік желіде дау туғызды

Қазақстанның «Әлем аруы» байқауындағы ұлттық киімі әлеуметтік желіде дау туғызды
Фото: instagram.com/reealina

Қазақстан атынан «Әлем аруы» халықаралық байқауына қатысқан арудың ұлттық киімі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Кейбір қолданушылар оны Қырғызстан өкілінің былтырғы образымен салыстырып, плагиатқа күмән келтірсе, енді бірі мұндай айыптаумен келіспейді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Threads желісінде mishelle_abdrazakov есімді қолданушы Қырғызстан өкілінің қанатты костюмін жариялап, «Қайталанбас түпнұсқаны еске түсірейік, оның арзан көшірмесін емес» деген жазба қалдырған. Осылайша ол Қазақстан өкілінің биылғы образын сынға алған.

Жазбаға пікір білдірген қолданушылардың бірі қанат бейнесі белгілі бір дизайнерге ғана тиесілі емес екенін алға тартты. Оның айтуынша, Қазақстан өкілдері де бұған дейін халықаралық байқауларда қанатты костюмдер киген. Мысал ретінде 2018 жылғы Қазақстан өкілінің образын көрсеткен.

Пікірталасқа қатысқан тағы бір қолданушы Қырғызстан өкілінің костюмін «түпнұсқа» деп атап, Қазақстанның образын соған ұқсас деп бағалауға қарсы шықты. Ол қанат бейнесі әлемнің әртүрлі елдерінде қолданылатынын айтып, біреудің идеясын иемдену туралы айыптауға негіз жоқ екенін жеткізген.

Осылайша, әлеуметтік желідегі талқылау екі елдің қолданушылары арасында пікір қайшылығын тудырды. Бір тарап костюмдердің сыртқы ұқсастығына назар аударса, екінші тарап қанат бейнесі ұлттық және сахналық киімдерде бұрыннан қолданылып келе жатқан элемент екенін алға тартып отыр.

Айта кетейік, Қазақстан атынан биылғы байқауға Шымкент қаласының тумасы, 22 жастағы Алина Ри қатысып жатыр. Оның толық аты-жөні – Алина Екатеринечева. Ол 2025 жылы «Мисс Қазақстан» ұлттық сұлулық байқауында жеңіске жетіп, халықаралық додаға жолдама алған. Білімі бойынша заңгер, бала кезінен гимнастикамен, бимен және вокалмен айналысқан. Алина байқаудағы басты мақсаты Қазақстанды үздік 30 қатысушының қатарына қосу екенін айтқан.

Қазақстандық ару ұлттық киімдер көрсетілімінде «Алтын бүркіт: Қазақстан рухы» атты образбен сахнаға шықты. Костюмнің басты ерекшелігі – арнайы механизм арқылы ашылатын, құлашы 4,5 метрге жететін алтын түсті қанаттар. Киімге 10 мыңнан астам сәндік тас қолданылған. Оның салмағы шамамен 30 келі, ал әзірлеуге бес миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған. Образды қазақстандық SV Muse бренді әзірлеген.