Ақтөбеде картоп неге қымбат: Мұрат Әбенов әкімдікке сауал жолдады

Ақтөбеде картоп неге қымбат: Мұрат Әбенов әкімдікке сауал жолдады
Фото: t.me/mazhilis_kz, коллаж: Dalanews

Ақтөбеде бір килограмм картоптың орташа бағасы 252 теңгеге жетіп, еліміздегі ең жоғары көрсеткіш тіркелді. Бұл Павлодардағы бағадан 72,6 пайыз қымбат. Халық кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов өңірлер арасындағы мұндай алшақтыққа назар аударып, оның себептерін түсіндіруді және тұрақтандыру қорына бөлінген қаржының тұрғындарға қалай жеткенін ашық көрсетуді ұсынды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мұрат Әбенов картоп бағасы көптеген отбасының күнделікті шығынына тікелей әсер ететінін жеткізді. Ол бала кезінде әр күзде әкесімен бірге базарға барып, үлкен отбасы үшін бес қап картоп алатынын еске алды. 

"Бағасы қолайлы, сапасы жақсы және қыстай сақтауға жарайтын картоп іздейтінбіз. Сол кезде “қаралау картоп ақшылынан жақсы” деген сөз жадымда қалыпты. Әкем картопты көбірек алып қойсақ, қыстан шығуымыз жеңіл болатынын айтатын. Картоп пен күріш біздің үйдегі негізгі ас еді. Үлкен отбасы үшін оның қоры да, бағасы да маңызды болатын", – деді ол.

Қазір қалалық жерде тұрғандықтан бұрынғыдай бірнеше қап картоп алып, қысқа сақтамайтынын айтқан Әбенов елде азық-түлігін алдын ала қамдайтын отбасылар әлі де көп екенін атап өтті. Осыған байланысты ол картоптың әр қаладағы бағасын салыстырып, қысқа қор жинайтын отбасы оған қанша қаражат жұмсайтынын есептеген.

Ақтөбе картоп бағасы бойынша бірінші орында тұр

Мұрат Әбенов Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы 18 қарашадағы деректеріне сүйенген. Зерттеуге 17 облыс орталығы мен Астана, Алматы және Шымкент қалалары енгізілген. Автордың түсіндіруінше, салыстыруда әр қаладағы картоптың орташа бөлшек бағасы алынған. Бұл жалпы облыс бойынша қалыптасқан орташа көрсеткіш емес.

Дерекке сәйкес, картоптың ең жоғары бағасы Ақтөбеде тіркелген. Мұнда бір килограмм өнім орта есеппен 252 теңгеден сатылған. Атырауда оның бағасы 248 теңге, Қызылордада 234 теңге болған.

Ал ең төмен баға Павлодарда тіркеліп, бір килограмм картоп 146 теңгені құраған. Қостанайда өнімнің орташа бағасы 188 теңге, Көкшетауда 189 теңге болған.

Ақтөбе мен Павлодар арасындағы айырма бір килограмына 106 теңгеге жеткен. Яғни Ақтөбедегі картоп Павлодармен салыстырғанда 72,6 пайызға қымбат.

"Мысалы, 50 килограмм картопты осы орташа бағамен есептесек, Ақтөбеде оған 12 600 теңге, ал Павлодарда 7 300 теңге жұмсалады. Айырмасы – 5 300 теңге. Әрине, қаппен немесе көтерме сатып алғанда баға өзгеше болуы мүмкін. Бірақ бұл есеп өңірлер арасындағы баға алшақтығының отбасы шығынына қалай әсер ететінін көрсетеді", – деді Әбенов.

Оның сөзінше, бұл – бір ғана өнімге қатысты есеп. Қысқа картоппен бірге пияз, сәбіз және басқа да азық-түлік түрлерін сатып алатын отбасы үшін жалпы шығын әлдеқайда жоғары болады.

Баға айырмасы бір жылда үш еседен астам ұлғайған

Мұрат Әбенов Ақтөбенің рейтингте бірінші орында тұрғаны ғана емес, өңірлер арасындағы баға айырмасының қысқа мерзімде күрт өсуі де алаңдататынын айтты.

Ол 2025 және 2026 жылдардың қазан айындағы деректерді жеке салыстырған. 2025 жылғы қазанда Ақтөбеде картоптың орташа бағасы 170 теңге, ал Павлодарда 135 теңге болған. Сол кезде екі қала арасындағы айырма 35 теңгені құраған.

2026 жылғы қазанда Ақтөбедегі баға 252 теңгеге дейін көтеріліп, Павлодарда 142 теңге болған. Осылайша, екі қала арасындағы алшақтық 110 теңгеге жеткен.

"Баға айырмасы бір жылдың ішінде үш еседен астам ұлғайды. Қысқы азығын қамдап жүрген ақтөбелік отбасы бұл айырманы өз қалтасынан төлейді. Сондықтан оның неден туындағанын білуге құқылы", – деп жазды ол.

Бұл ретте картоптың Ақтөбеде қымбаттауына нақты қандай факторлар әсер еткені әзірге толық түсіндірілмеген. Бағаға өнім көлемі, сақтау және тасымалдау шығыны, делдалдардың үлесі, жұмыс күшінің тапшылығы, суару жүйесінің жағдайы мен тұрақтандыру қорының тиімділігі ықпал етуі мүмкін.

Шаруалар су мен жұмыс күші мәселесін көтерген

Мұрат Әбенов жергілікті шаруалардың жағдайына да тоқталды. Оның айтуынша, "Актюбинский вестник" басылымының репортажында өңірдегі бірнеше шаруашылықтың өнім өсіру және жинау кезінде кездескен қиындықтары көрсетілген.

"Тұражол" шаруашылығының басшысы жұмыс күші жетіспейтінін айтқан. Журналистер шаруашылыққа барған кезде өнімнің шамамен 40 пайызы әлі жиналмай тұрған. Дегенмен бұл сол кездегі жағдай екенін және қазір барлық өнім егістікте қалып қойды дегенді білдірмейтінін Әбенов арнайы атап өтті.

Ал "Арман" шаруашылығында қосымша жер болғанымен, биыл суару арнасының жөнделуіне байланысты оны толық пайдалану мүмкін болмаған. Соның салдарынан шаруашылық қолда бар жердің бір бөлігіне өнім еге алмаған.

"Бұл жағдайлар баға айырмасының барлық себебін түсіндіріп бермейді. Бірақ өндірушілердің алдында қандай кедергілер тұрғанын көрсетеді. Жер бар болғанымен, су дер кезінде жетпесе, одан өнім шықпайды. Ал өнім өсіп, оны жинайтын адам табылмаса, шаруаның еңбегі мен жұмсаған шығыны тәуекелге түседі", – деді Халық кеңесінің мүшесі.

Ол 20 қарашада өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бізге бағдарламаның саны емес, ауыл шаруашылығының сапалы дамығаны керек» деген сөзін еске салды.

"Мен бұл пікірмен келісемін. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесін шаруаның жұмысынан, ал оның тұрғынға берер пайдасын дүкендегі бағадан көруіміз керек", – деді Әбенов.

Тұрақтандыру қорына 5,2 миллиард теңге бөлінген

Ақтөбе әкімдігінің мәліметіне сәйкес, биыл өңірлік азық-түлік тұрақтандыру қорын қалыптастыруға 5,2 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражат тек картопқа емес, қорға енгізілетін барлық азық-түлік түріне арналған.

Картоп бойынша 8 614 тонна өнім жеткізуге келісімшарт жасалған. Алайда Мұрат Әбенов тұрғындар үшін келісімшарттағы жалпы көлемнен бөлек, өнімнің қаншасы нақты жеткізілгені, оның қанша бөлігі қоймада сақталғаны және қаншасы сауда орындары арқылы сатылғаны маңызды екенін айтты. Сонымен бірге тұрақтандыру қорындағы картоптың қай дүкендерде және қандай бағамен сатылғаны да ашық көрсетілуі керек деп есептейді.

"Қойманың бар болғаны маңызды. Бірақ оның ішіндегі өнімнің сапасы, оны сақтауға жұмсалатын шығын және сатып алушыға жеткендегі бағасы одан да маңызды. Бала кезімізде әкем базардан картоп аларда үш нәрсеге қарайтын: бағасы қолайлы болсын, сапасы жақсы болсын және қысқа жетсін. Бүгін тұрғын тұрақтандыру қорының жұмысын да осы қарапайым өлшеммен бағалайды", – деді ол.

Әбенов тұрақтандыру қорының жұмысына қатысты ақпаратты барынша ашық жариялауды ұсынды. Оның айтуынша, Үндістанда азық-түліктің бөлшек және көтерме бағасын күн сайын көрсететін мемлекеттік жүйе жұмыс істейді. Қазақстанда да баға туралы деректерді тұрақтандыру қорынан нақты сатылған өнімнің көлемі және құнымен бірге жариялау тиімді болар еді.

"Сонда бөлінген қаржының тұрғынға қалай жеткенін бақылау жеңілдейді. Әрине, ашық есеп суару мен сақтау мәселесін өздігінен шешпейді. Бірақ қабылданған шараның нақты нәтиже берген-бермегенін тексеруге мүмкіндік береді", – деді Мұрат Әбенов.

Ақтөбе әкімдігіне екі сауал қойылды

Мұрат Әбенов қалыптасқан жағдайға байланысты Ақтөбе әкімдігіне екі негізгі сауал жолдады.

Бірінші сауал Ақтөбедегі картоп бағасының Павлодармен салыстырғанда 72,6 пайызға жоғары болуына қатысты. Ол әкімдіктен мұндай айырмашылықтың себебін түсіндіруді, сондай-ақ тұрақтандыру қорына жеткізуге келісімшарт жасалған 8 614 тонна картоптың қаншасы нақты сатылғанын және тұрғындарға қандай бағамен ұсынылғанын жариялауды сұрады.

Екінші сауал шаруалар көтерген мәселелерге байланысты. Әбенов су жеткізу мен өнімді дер кезінде жинауға қажетті жұмыс күшінің тапшылығын шешу үшін қандай шаралар қабылданатынын, оған қанша қаражат керек екенін және тұрғындар оның нәтижесін қашан көретінін сұрады.

«Бұл сұрақтардың артында қысқы азығына ақша есептеп отырған отбасы тұр. Сол отбасы үшін мемлекеттік көмектің нәтижесі қолжетімді баға мен сапалы өнімнен көрінуі керек», – деді ол.

Қарапайым өнімнің бағасы халықтың тұрмысын көрсетеді

Мұрат Әбенов бұл талдауды «Аймақ Рейтинг» жобасы аясында жүргізгенін айтты. Бұл – оның "Аймақ" сараптамалық платформасындағы жеке авторлық жобасы. Жобада өңірлердегі жағдай тұрғындардың күнделікті өмірі арқылы бағаланады.

"Күрделі саяси мәселелер туралы айту үшін кейде қарапайым дүниелерге тоқталып, ойланған жөн. Отбасының азығына ақшасы жете ме? Үйі жылы ма? Баласы мектепке қауіпсіз жете ме? Дәрігерге уақытында қарала ала ма? Адамдардың көңіл күйі осындай күнделікті мәселелерден қалыптасады. Қабылданған шешімдерге деген сенім де тұрғындардың өз өмірінде сезген нәтижесіне байланысты", – деді ол.

Әбеновтің айтуынша, жобада өңірлердегі қиындықтармен бірге тұрғындарға пайдасын тигізген нақты шешімдер де зерттеледі. Бір облыста тиімді болған тәжірибені басқа өңір тұрғындары да білуі қажет.

Осы жолғы зерттеудің картоп бағасынан басталуы да кездейсоқ емес. Автор үшін бес қап картоп – үлкен отбасының қысқа дайындығын, қарапайым тұрмысын және азық-түлік бағасының халық өміріне қаншалықты әсер ететінін көрсететін естелік.

"Бүгінгі әңгімені әкеммен бірге базардан алған бес қап картоптан бастадым. Өйткені үлкен отбасының қысқы қамын сол қарапайым естелік әлі де түсіндіріп тұр. Ой ортаға түскенде толысады", – деп қорытындылады Мұрат Әбенов.