Алматыда ауаға зиянды заттар аз бөлінетін арнайы аймақта (LEZ) отшашу, петарда және басқа да азаматтық пиротехниканы қолдануға тыйым салынады. Шектеу 2027 жылғы 8 қаңтардан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Eco Almaty мәліметінше, белгіленбеген орындарда азаматтардың тыныштығын бұзып, отшашу немесе петарда қолданғандарға 86 500 теңге айыппұл салынады. Ал бір жыл ішінде осы құқықбұзушылықты қайталаған жағдайда айыппұл көлемі 129 750 теңгеге дейін өседі. Екі жағдайда да пиротехникалық заттар тәркіленеді.
Экологтар қолданыстағы айыппұлдар пиротехниканы пайдалану ережесін бұзғаны үшін салынатынын, ал ауаның ластануына тікелей қатысты емес екенін атап өтті. Дегенмен отшашудың қоршаған ортаға да кері әсері бар.
«Пиротехника жарылған кезде ауаға түтін, күйе және ұсақ бөлшектер тарайды. Әсіресе желсіз күндері олар ауада ұзақ сақталып, оңай тарамайды», – деп түсіндірді экологтар.
Жаңа шектеу LEZ аймағының шекарасын қала әкімдігі бекіткеннен кейін қолданыла бастайды.