Ресми табысы жоқ қазақстандықтар қымбат үй мен көлік сатып алса, тексерілуі мүмкін

Ресми табысы жоқ қазақстандықтар қымбат үй мен көлік сатып алса, тексерілуі мүмкін
gov.kz

Қымбат жылжымайтын мүлік пен көлік сатып алғанымен, ресми табыс көзі жоқ қазақстандықтар салық органдарының назарына ілігуі мүмкін. Мұндай жағдайда олардан ақшаның қайдан келгенін түсіндіру сұралады. Бұл туралы қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, екі жылға жуық уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан Smart Data Finance жүйесі азаматтар мен заңды тұлғалардың цифрлық профильдерін пайдаланып, түрлі деректерді талдауға мүмкіндік береді.

«Мысалы, соңғы екі-үш жылда үй, пәтер немесе бес-алты көлік сатып алсаңыз, бірақ табыс көзіңіз де, жалақыңыз да болмаса, әрине, тиісті сұрақтар туындайды», – деді Әсет Тұрысов.

Вице-министрдің сөзінше, салық органдарының азаматтардан табыс көзін түсіндіруді талап ету құқығы бұрыннан бар. Бұл талап Салық кодексінде де қарастырылған.

Алайда ақшаның қайдан келгенін растай алмаған азаматтарға қандай шара қолданылатыны туралы сұраққа Әсет Тұрысов нақты жауап бермеді. Ол бұл мәселені Мемлекеттік кірістер комитетінен нақтылауға кеңес берді.