Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Қазақстанда жолаушылар тасымалы 2,9%-ға өсті

Қазақстанда жолаушылар тасымалы 2,9%-ға өсті
«Пассажирские перевозки» АҚ

Қазақстанда 2026 жылдың қаңтар–қазан айларында барлық көлік түрімен 1,6 млрд жолаушы тасымалданды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,9%-ға көп, деп хабарлайды dalanews.kz.

Есепті кезеңде жолаушылар айналымы 80,3 млрд жолаушы-шақырымға жетіп, бір жылда 8,1%-ға артқан. Ал жолаушыларды тасымалдаудан түскен жалпы кіріс 1,4 трлн теңгені құрады.

Жолаушылардың басым бөлігі автомобиль және қалалық электр көлігімен қатынаған. Бұл көлік түрлерін он айда 1,6 млрд адам пайдаланған. Көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,9%-ға өскен. Ал жолаушылар айналымы 38,8 млрд жолаушы-шақырымды құрап, 9,5%-ға артты.

Әуе көлігімен 13,8 млн жолаушы тасымалданған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 5,3%-ға жоғары. Әуе тасымалының жолаушылар айналымы 10,7%-ға өсіп, 28,2 млрд жолаушы-шақырымға жетті. Осы бағыттағы кіріс 852,1 млрд теңгені құрады.

Ішкі су көлігімен 267,7 мың адам қатынаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,8%-ға көп. Жолаушылар айналымы 10,8%-ға өсіп, 5,2 млн жолаушы-шақырым болған.

Теңіз және жағалау көлігімен 46,8 мың жолаушы тасымалданған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2,5 есе жоғары.

Теміржол көлігін 15,7 млн жолаушы пайдаланған. Бұл бағыттағы жолаушылар айналымы 13,3 млрд жолаушы-шақырымды құрады.

Өңірлер арасында жолаушылар тасымалының ең жоғары көрсеткіші Алматыда тіркелген. Қалада 394,8 млн адам тасымалданған. Астанада бұл көрсеткіш 285,6 млн, ал Қарағанды облысында 122,2 млн адам болған.

Өткен жылмен салыстырғанда жолаушылар саны Шымкентте 27,1%-ға, Астанада 10,3%-ға, Қарағанды облысында 9,2%-ға және Жетісу облысында 8,4%-ға өскен.

Жолаушылар айналымы бойынша да Алматы алда тұр – 24,7 млрд жолаушы-шақырым. Астанада 15,1 млрд, Шымкентте 6,4 млрд жолаушы-шақырым тіркелген.