Қазақстанда міндетті верификациядан өтпеген 23 мыңға жуық жаңа iPhone смартфоны бұғатталу қаупіне ұшырады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше, қыркүйектің соңынан қазан айына дейін, iPhone 18 жаңа желісі сатылымға шыққаннан кейін, Қазақстанның байланыс желілерінде 279 мың жаңа құрылғы тіркелген. Олардың шамамен 85 пайызы ел ішінде ресми түрде сатып алынған және тексеруден кедергісіз өткен.
Алайда өтінімдерді өңдеу кезінде мамандар күмәнді әрекеттерді анықтаған. Атап айтқанда, бір IP-мекенжайдан бірден мыңдаған телефонды тіркеуге жаппай өтінімдер жіберілген. Комитет басшысының болжамынша, бұл құрылғылар елге заңсыз жолмен әкелінген немесе шетелден сатып алынған болуы мүмкін. Қазір күмәнді жағдайларды құзырлы органдар тексеріп жатыр.
Верификациядан өтпеген телефон не болады?
Мұндай смартфондардың иелеріне құрылғыны заңдастыру үшін 30 күн беріледі. Осы мерзімде міндетті тексеруден өтпеген телефондар қара тізімге енгізіліп, Қазақстан операторларының байланыс желілерінде бұғатталуы мүмкін.
Сейсембеков сатып алушылардың құқықтарына да тоқталды. Қолданысқа енгізілген заңнамалық түзетулерге сәйкес, дүкендер тек верификациядан өткен смартфондарды сатуға міндетті.
Егер азамат тексеруден өтпеген телефон сатып алса, оны кез келген уақытта сатушыға қайтаруға құқылы.