Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Қазақстанда КАСКО нарығы үш жыл қатарынан қысқарып келеді

Қазақстанда КАСКО нарығы үш жыл қатарынан қысқарып келеді
Колеса

Қазақстанда 2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында КАСКО бойынша жиналған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 68,6 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Finprom.kz мәліметінше, ерікті автокөлік сақтандыру нарығы соңғы он жылда бес еседен астам өскен. Алайда 2023 жылғы рекордтық көрсеткіштен кейін сақтандыру сыйлықақыларының көлемі үш жыл қатарынан төмендеп келеді.

Атап айтқанда, 2023 жылдың алғашқы тоғыз айында КАСКО бойынша сыйлықақылар көлемі 86,7 млрд теңгеге жеткен. 2024 жылы бұл көрсеткіш 76,5 млрд теңгені, 2025 жылы 73,3 млрд теңгені, ал 2026 жылы 68,6 млрд теңгені құрады.

Салыстыру үшін, 2016 жылдың осы кезеңінде сақтандыру компаниялары КАСКО бойынша 12,8 млрд теңге жинаған.

Сақтандыру сыйлықақыларының көлемі бойынша Halyk Insurance көш бастап тұр. Компания тоғыз айда 14,6 млрд теңге жинап, нарықтың 21,3%-ын иеленген. Екінші орында 14,5 млрд теңге және 21,1% үлеспен Sinoasia B&R тұр.

Үздік бестіктің қатарына «Евразия» (7,5 млрд теңге), Freedom Finance Insurance (7,2 млрд теңге) және «Нефтяная Страховая Компания» (6 млрд теңге) кірген. Алғашқы бес компания нарықтағы барлық сыйлықақының 72,6%-ын жинаған.

Сақтандыру төлемдері бойынша да Halyk Insurance алда. Компания клиенттеріне 4,7 млрд теңге өтемақы төлеген. Бұл елдегі КАСКО бойынша барлық төлемнің шамамен 23%-ына тең. «Нефтяная Страховая Компания» 2,3 млрд теңге, «Евразия» 2,2 млрд теңге төлеген. «Сентрас Иншуранс» пен Sinoasia B&R компанияларының әрқайсысы 1,9 млрд теңгеден өтемақы берген.

Жалпы, Қазақстандағы сақтандыру компаниялары осы кезеңде КАСКО бойынша 20,4 млрд теңге төлем жасаған.

Finprom.kz дерегіне сәйкес, 2026 жылдың тоғыз айында КАСКО-ның ерікті мүліктік сақтандыру сыйлықақыларының жалпы көлеміндегі үлесі 15,6%-ды құраған. Ал бүкіл сақтандыру нарығындағы үлесі 3,8%-ға тең болған.