Қосылған құн салығы (ҚҚС) көтерілсе, оны тек бизнес төлейді деген түсінік бар. Алайда салықтың қосымша шығынын кәсіпкерлер тұтынушыларға, жұмысшыларға, жеткізушілерге жүктеуі немесе өздері көтеруі мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz Economic_basics арнасына сілтеп.
Мысалы, ҚҚС мөлшерлемесі 12 пайыздан 16 пайызға өскен шағын наубайхананы алайық. Кәсіпкердің алдында үш жол бар.
- Біріншісі - өнім бағасын көтеру. Мәселен, бұрын 250 теңге тұрған нанның бағасы 259 теңгеге дейін өсуі мүмкін. Бұл жағдайда қосымша шығынды сатып алушы төлейді.
- Екіншісі - бағаны өзгертпей, басқа шығындарды қысқарту. Кәсіпкер қызметкерлердің жалақысын көтеруді кейінге қалдыруы, жаңа жұмысшы алмауы немесе жеткізушілерден тауарды арзанырақ алуға тырысуы мүмкін.
- Үшіншісі - баға мен шығынды өзгертпей, пайда азаюына келісу. Бұл жағдайда қосымша шығынды кәсіпкердің өзі көтереді.
Іс жүзінде осы тәсілдердің бірнешеуі қатар қолданылуы мүмкін.
"Салықтың нақты ауыртпалығы кімге түсетіні нарықтағы жағдайға байланысты. Сатып алушының таңдау мүмкіндігі аз болса, кәсіпкер шығынды өнім бағасына қосуы мүмкін. Ал бәсекелестік бағаны көтеруге мүмкіндік бермесе, шығын жұмысшыларға, жеткізушілерге немесе кәсіпкердің өзіне түсуі ықтимал.
Сондықтан салықты заң бойынша кім төлейтіні мен оның нақты ауыртпалығын кім көтеретіні - екі бөлек мәселе. Компания салықты бюджетке аударғанымен, оның шығынын түптеп келгенде адамдар көтереді", - деп жазылған арна дерегінде.