Қазақстанда тамыз бен қазан аралығында есірткі жеткізетін 19 арна жойылып, бес жасырын зертхананың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, аталған кезеңде сегіз халықаралық және 11 өңірлік есірткі жеткізу арнасы анықталып, олардың жұмысы тоқтатылған.
Шетелдік құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүргізілген сегіз халықаралық операция барысында 1,3 тоннадан астам есірткі тәркіленді. Оның ішінде 11,1 келі апиын, 14,2 келі гашиш, 404,6 келі марихуана, 320,6 келі қарасора бұталары, 18,4 келі синтетикалық есірткі және 525 келі синтетикалық опиоид бар.
Сонымен қатар 2 650 дана күшті әсер ететін зат таблеткасы мен 2,6 тонна прекурсор тәркіленген.
Есірткі құқық бұзушылықтарына қатысы бар деген күдікпен Қазақстанның 40 азаматы және бес шетелдік ұсталды.
ҰҚК мәліметінше, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді.