Ерсайын Нағаспаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы болып тағайындалды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұған дейін, 24 қарашада, Мемлекет басшысының Жарлығымен ол Өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметінен босатылған болатын.
Нағаспаев үшін теміржол саласы жаңа бағыт емес. Ол 2021 жылғы сәуірде «Қазақстан темір жолы» компаниясының қамтамасыз ету жөніндегі басқарушы директоры қызметіне тағайындалған. 2022 жылғы қаңтарда жаңа жобалар жөніндегі басқарушы директордың міндетін атқарушы болып, кейін осы бағыттағы басқарушы директор қызметін атқарды.
Ол ҚТЖ жүйесінде 2025 жылғы ақпанда министр болып тағайындалғанға дейін жұмыс істеді. Осылайша, ұлттық компаниядағы еңбек өтілі төрт жылға жуықтады.
Нағаспаев 2025 жылғы 28 ақпаннан бастап Өнеркәсіп және құрылыс министрлігін басқарды. 2026 жылғы 3 қыркүйекте бұл қызметке қайта тағайындалған еді.