Премьер-министр Олжас Бектенов ауылдардағы абоненттерді интернетке қосудың 2027 жылға арналған нақты кестесін бекітуді тапсырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Үкімет отырысында Премьер-министр үйлер мен кәсіпорындарды интернетке қосу жұмысын жандандыру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, бірінші кезекте ауылдық елді мекендерге назар аудару керек. Өйткені магистральдық желілер тартылғанымен, көптеген ауылда үйлер мен кәсіпорындарға дейін интернет жеткізетін ішкі желілер әлі жоқ.
Бектенов «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасының нәтижесі елді мекендерге дейін желі тартумен шектелмеуі керегін айтты. Оның пікірінше, жоба тұрғындар мен кәсіпорындарды интернетке нақты қосуды қамтамасыз етуге тиіс.
Сонымен қатар Үкімет басшысы ірі елді мекендер мен автомобиль жолдарындағы мобильді байланыстың тұрақсыздығына қатысты азаматтардың шағымдары әлі де бар екенін атап өтті. Ол байланыс сапасы мәселесі қауіпсіздікпен де тікелей байланысты екенін еске салды.
Осыған байланысты Премьер-министр Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне байланыс операторларымен және әкімдіктермен бірлесіп, бірқатар тапсырма берді.
Атап айтқанда, осы жылдың соңына дейін ауылдардағы абоненттерді интернетке қосудың 2027 жылға арналған нысаналы кестесін бекіту қажет. Құжатта көрсетілетін қызметтердің нақты сапасына мониторинг жүргізу де қарастырылуы тиіс.
Бұдан бөлек, бір ай мерзімде байланыс сапасы нашар аумақтардың картасын қайта қарап, анықталған кемшіліктерді жоюдың нақты мерзімдерін белгілеу тапсырылды.