Тоқаев Қазақстанда халықтық цифрлық экономиканы дамыту туралы жарлыққа қол қойды

Тоқаев Қазақстанда халықтық цифрлық экономиканы дамыту туралы жарлыққа қол қойды
pixabay.com

Қазақстанда азаматтар мен кәсіпкерлердің цифрлық экономикадағы мүмкіндіктерін кеңейту, жаңа табыс көздері мен жұмыс орындарын құру көзделіп отыр. Осы мақсатта президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық цифрлық экономиканы дамыту және азаматтар мен бизнестің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Құжатқа сәйкес, үкімет 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін халықтық цифрлық экономиканы дамыту жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспарын бекітуі керек. Жоспар азаматтардың табыс табу мүмкіндіктерін кеңейтуге, цифрлық жұмыспен қамтуды дамытуға, жасанды интеллектіні тәжірибеде қолдануға және отандық өндірушілердің тауарларын өткізу нарығына қол жеткізуіне бағытталады.

Жоспарды әзірлеу кезінде Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес мүшесі Ли Кай-Фудың ұсыныстарын, соның ішінде жасанды интеллектіні кәсіби қызметте қолдану дағдыларын дамыту жөніндегі ұсынымдарын ескеру тапсырылды.

Сонымен қатар мемлекеттік кәсіпкерлікті қолдау шараларын жеке электронды сауда алаңдарымен, банктермен, логистикалық компаниялармен және цифрлық сервистермен біріктіру көзделген. Бұл отандық өнім өндіру мен оны сатуды кеңейтуге бағытталады.

Ауылдық жерлердегі өндірушілердің өнімдерін электронды сауда алаңдары мен сауда желілері арқылы өткізу тетіктері де әзірленеді. Ол үшін өнімді қабылдау, дайындау, тасымалдау және сату жүйесі қолданыстағы сауда-логистикалық инфрақұрылым мен қаржы құралдары негізінде ұйымдастырылады.

Жарлықта цифрлық платформалар арқылы ақылы тапсырыстарды орындау мүмкіндігін кеңейту де қарастырылған. Ұйымдар мен кәсіпкерлер мұндай платформаларда қысқа мерзімді ақылы тапсырмаларды тұрақты түрде жариялап отыруы тиіс. Азаматтардың тәжірибесі орындалған тапсырыстар туралы мәліметтер негізінде расталмақ.

Үкімет 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін цифрлық жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық режимін қалыптастыруы қажет. Ол азаматтардың цифрлық платформалар арқылы ақылы қызмет көрсетуіне байланысты азаматтық-құқықтық, еңбек, салық және әлеуметтік қатынастарды қамтиды. Сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимін қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізімін кеңейту мүмкіндігі қарастырылады.

2027 жылғы 1 сәуірге дейін жекелеген өңірлерде цифрлық даму жөніндегі пилоттық жобаларды іске қосу жоспарланған. Олардың нәтижесі сол жылдың 1 қыркүйегіне дейін бағаланып, тиімді тәжірибелерді басқа өңірлерге тарату жолдары айқындалады.

Ал Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдіктері 2027 жылғы 15 қаңтарға дейін кешенді жоспарға сәйкес өңірлік жоспарларды бекітуі тиіс.

Әкімдіктерге ауыл өндірушілеріне өнімін кейін сату есебінен алдын ала қаржы беру тетіктерін қарастыру, тауарларды жинау мен жеткізуге қажетті инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ ауыл кәсіпкерлерін электронды сауда алаңдарында өнім өткізуге үйрету тапсырылды.

Жарлыққа сәйкес, оның орындалуын бақылау Президент Әкімшілігіне жүктелді. Құжат қол қойылған күнінен бастап күшіне енді.