Қазақстанда заңды тұлғалардың телефон қоңырауларын таңбалау жүйесі енгізіліп жатыр. Енді азаматтар қоңырау түскен кезде телефон экранынан қай ұйым хабарласып тұрғанын көре алады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бұл жаңашылдық телефон алаяқтығымен күресу үшін қолға алынған.
Осы мақсатта байланыс операторларының Ұлттық банктің Антифрод-орталығымен бірлесіп жұмыс істеу тәртібі бекітілген.
«Заңды тұлғалардан келетін қоңырауларды таңбалау енгізіліп жатыр. Қай ұйымның қоңырау шалып тұрғанын абонент телефон экранынан көре алады», – деді министр.
Бұл жүйе азаматтарға қоңырау шалушы ұйымды бірден анықтауға және алаяқтардың әрекетінен сақтануға көмектеседі.