Қазақстандағы ірі мобильді байланыс операторлары тарифтерді 10–15%-ға көтеруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Beeline («КаР-Тел»), Kcell және Tele2/Altel («Мобайл Телеком-Сервис») компанияларының басшылары мәлімдеді.
Операторлар бағаның өсуін байланыс желілеріне инвестиция салу, шығындардың артуы және қызмет сапасын сақтау қажеттілігімен түсіндірген.
Ал Жаслан Мәдиевтің айтуынша, қарашадағы рейтинг бойынша Қазақстан жылдам интернеті бар 55 елдің арасында мобильді интернет құны бойынша жетінші орында тұр.
Министрдің мәліметінше, елдегі мобильді байланыстың орташа тарифі айына шамамен 10 долларды құрайды. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен, яғни 27 доллардан үш есе төмен.
Мәдиев интернет-трафик көлемі артып келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, байланыс жылдамдығын арттырып, 5G желісінің қамту аясын кеңейту үшін операторлар желі инфрақұрылымына инвестиция салуы қажет.
Министр тарифтердің халық үшін қолжетімділігін сақтап, сонымен қатар телекоммуникация саласының инвестиция тартуға қолайлы болуын қамтамасыз ету маңызды екенін айтты.