Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Жоғарғы соттың деректері даркнетке тарады ма? ҰҚК тексеру жүргізіп жатыр

Жоғарғы соттың деректері даркнетке тарады ма? ҰҚК тексеру жүргізіп жатыр
pixabay.com

Қазақстандықтардың деректері Жоғарғы соттың атынан даркнетте сатылып жатыр деген ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі тексеріп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, аталған жағдай бойынша арнайы тексеру басталған. Оған министрлікке қарасты Ақпараттық қауіпсіздік комитеті мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары тартылған.

Тексеру барысында жарияланған ақпараттың мазмұны, қажет болған жағдайда сатылымға шығарылған файлдардың ішіндегі деректер зерттеледі. Сонымен қатар мемлекеттік орган тарапынан жеке деректерді қорғау талаптарының бұзылған-бұзылмағаны анықталады.

«Егер қандай да бір заңбұзушылықтар анықталса, тиісті санкциялар қолданылады», – деді Мәдиев.

Министр жеке деректерді қорғау талаптары бұзылған жағдайда әкімшілік айыппұл салынатынын еске салды. Оның сөзінше, мұндай жағдайда жауапкершілік мемлекеттік органның бірінші басшысына және ұйымның өзіне жүктеледі.

Сонымен қатар Мәдиев даркнетте қазақстандықтардың жеке деректері бар деген мәлімдемелердің ара-тұра жарияланып тұратынын айтты. Алайда мұндай хабарламалардың барлығы бірдей шынайы бола бермейді.

Оның сөзінше, кейде сатылымға шығарылды делінген файлдардың ішінде қазақстандықтарға қатысы жоқ фотосуреттер мен басқа да қажетсіз ақпарат кездеседі. Сондықтан әрбір жағдайды жеке тексеріп, деректердің нақты мазмұнын анықтау қажет.