Премьер-министр Олжас Бектенов "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" АҚ ұжымына басқарманың жаңа төрағасын таныстырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Премьер-министр Бектенов Ерсайын Нағаспаевтың мол тәжірибесін, соның ішінде саланы жетік білуін, компанияндағы еңбек жолын да атап өтті. Әр жылдары Ерсайын Нағаспаев "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-да қызмет атқарған. 2025 жылғы ақпаннан бастап Өнеркәсіп және құрылыс министрлігін басқарды.
Олжас Бектенов "Қазақстан темір жолы" компаниясының жаңа басшылығы алдында тұрған негізгі міндеттерді айқындады. Басым бағыттар қатарында көлік-логистикалық әлеуетті одан әрі кеңейту, транзиттік тасымал көлемін арттыру, теміржол инфрақұрылымын дамыту және компания қызметінің тиімділігін жақсарту міндеттері қойылды.
Сонымен қатар, корпоративтік тәртіпті нығайтуға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты күшейтуге ерекше назар аударылды.
"Бұл – мыңдаған ұжымы және күрделі басқару жүйесі бар ірі компания. Кадр жұмысын ретке келтіріп, әр қызметкердің нақты міндетін анықтау қажет. Мемлекет игілігі үшін еңбек етуге дайын емес адамдар жұмыстан кетуі керек. Қызметкерлердің басым бөлігі адал және жауапты адамдар екеніне сенімдімін. Үкіметтің, салалық министрліктің және "Самұрық-Қазына" қорының қолдауымен алға қойылған барлық міндетті жүзеге асыруға әлеуеттеріңіз жеткілікті. Босаңсуға уақыт жоқ, қарқынды жұмысқа дереу кірісу қажет", - деді Олжас Бектенов.