Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Қазақстанда шағын сүт фермаларына мемлекеттік қолдау алу қиын

Қазақстанда шағын сүт фермаларына мемлекеттік қолдау алу қиын
pixabay.com

Қазақстанның сүт нарығында шағын шаруашылықтардың мемлекеттік қолдауға қол жеткізуіне кедергі келтіретін шектеулер мен жекелеген кәсіпкерлерге артықшылық беру белгілері анықталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2024–2025 жылдардағы сүт пен айранның көтерме сауда нарығына жүргізген талдау қорытындысында мәлімдеді.

Ведомствоның дерегінше, отандық сүт өндірісі артқанына қарамастан, бөлшек саудадағы бағалар өсуін жалғастырған. Бұған шикі сүт, энергия ресурстары, тасымалдау және сақтау шығындарының қымбаттауы әсер еткен.

2025 жылы сүт өндірісін субсидиялауға бөлінген қаражат көлемі 21,3 млрд теңгеден 28,8 млрд теңгеге дейін өскен. Алайда оның 77,5%-ы ірі шаруашылықтарға бағытталған.

Сонымен қатар сүт-тауар фермаларына арналған жеңілдетілген несие тек кемінде 400 бас ірі қара ұстауды көздейтін жобаларға беріледі. Агенттік мұндай талап шағын шаруашылықтардың мемлекеттік қолдауға қол жеткізуін шектейтінін атап өтті.

Талдау барысында Ақтөбе облысында жобаларды іріктеуге қатысты шектеулер, ал Батыс Қазақстан облысында «AQJAIYQ» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан жекелеген кәсіпкерге артықшылық беру белгілері анықталған.

Талдау қорытындысы бойынша агенттік шағын шаруашылықтарды қолдауды кеңейту, жеңілдетілген несиелеудің қолжетімділігін арттыру, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін жетілдіру жөнінде ұсынымдар жолдаған.

Монополияға қарсы ден қою шаралары аясында нарық қатысушыларына баға және шарттық кемсітушілік белгілері бойынша сегіз хабарлама жіберілген. Сондай-ақ «AQJAIYQ» ӘКК-не жеке хабарлама жолданған.