Қазақстанда қонақүйлерге арналған ұлттық стандарт бекітілді. Жаңа талаптар 2027 жылғы 1 наурыздан бастап күшіне енеді. Құжатта қонақүй қызметінің сапасына, тазалыққа, қауіпсіздікке және клиенттермен жұмыс істеуге қатысты талаптар қамтылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ұлттық стандарт СТ РК ISO 22483-2026 «Туризм және сабақтас қызметтер. Қонақүйлер. Қызмет көрсету талаптары» деп аталады. Ол ISO 22483:2020 халықаралық стандартының негізінде әзірленген. Құжатты Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы бекіткен.
KazStandard мәліметінше, стандарт қонақүйлердің санатына қарамастан қолданылады. Онда нөмірді брондаудан бастап, қонақтың қонақүйден шығуына дейінгі қызмет көрсету кезеңдерінің барлығы қамтылған.
Брондау және қонақты орналастыру тәртібі
Жаңа стандарт бойынша қонақүй брондау жасалғанға дейін клиентке тұру құны, алдын ала төлем қажеттілігі және брондаудан бас тарту шарттары туралы ақпарат беруге тиіс. Брондау туралы өтінімді өңдеуге 24 сағатқа дейін уақыт беріледі. Ал қонақтарды орналастыру және шығару уақытын қонақүйдің өзі белгілейді. Дегенмен стандартта қонақтарды сағат 14:00-ден кешіктірмей орналастыру, ал шығу уақытын түскі 12:00-ден ерте белгілемеу ұсынылған.
Мысалы, қонақ сағат 14:30-да келіп, нөмірінің әлі дайын емес екенін білсе, қонақүй қызметкерлері оның жүгін уақытша сақтауға қабылдауы керек. Күту кезінде қонаққа шай ұсыну сияқты қосымша қызмет те көрсетілуі мүмкін.
Тазалық пен тамақтануға қатысты талаптар
Стандарт бойынша қонақүйде ауызсу тәулік бойы қолжетімді болуы керек. Қолданыстағы нөмірлер күн сайын жиналады. Алайда есікте «Мазаламаңыз» деген белгі тұрса, тазалық жұмыстары кейінге қалдырылады. Қонақ нөмірде болған жағдайда қызметкерлер тазалауға оның рұқсатын алуы қажет.
Тамақтану кезінде де қонақтардың сұранысы ескерілуге тиіс. Мәселен, баласының жаңғаққа аллергиясы барын ескерткен ата-аналарға қызметкерлер тағамдардың құрамын түсіндіруі керек. Сондай-ақ мүмкіндігіне қарай жаңғақсыз кемінде бір тағам ұсынуға тиіс. Қонақтардың шағымын ауызша немесе жазбаша қабылдауға болады. Қонақүй өтінішті тіркеп, оны шешу үшін қандай шара қолданғанын көрсетуі қажет.
Қауіпсіздікке қойылатын талаптар күшейеді
Жаңа стандартта қонақтардың қауіпсіздігіне ерекше мән берілген. Мысалы, тазалықтан кейін еден дымқыл болса, қызметкерлер арнайы ескерту белгісін қоюы керек. Бассейн аумағында оның тереңдігі, суға секіруге рұқсат етілетіні және құтқарушының бар-жоғы туралы ақпарат көрсетілуге тиіс. Құтқару құралдары да көзге көрінетін әрі қолжетімді жерде орналасуы қажет.
Бассейнде жазатайым оқиға болса, қызметкерлер алдын ала бекітілген жоспар бойынша әрекет етіп, оқиғаны тіркеуі керек. Сонымен қатар қонақүй қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсету және жүрек-өкпе реанимациясының негізгі тәсілдері бойынша оқытылуы тиіс.
Құжатта қонақүй көрсететін қызметтерді ескере отырып, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру мәселесі де қарастырылған.
Қонақүйлерге қандай мүмкіндік береді?
Жаңа стандарт қонақүй басшылығына қызметкерлер мен мердігерлердің жұмыс сапасын бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ міндеттерді дұрыс бөлуге және мамандардың біліктілігін арттыруды жоспарлауға көмектеседі. Құжатта ортақ пайдаланылатын орындардың тазалығы, жабдықтарға қызмет көрсету, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі, іс-шаралар мен демалысты ұйымдастыруға қатысты талаптар да бар.
Осылайша, 2027 жылғы 1 наурыздан бастап Қазақстанда қонақүйлерге қызмет көрсету сапасын бағалаудың бірыңғай ұлттық стандарты қолданысқа енгізіледі.