Мұғалімдерге жұмыстан тыс уақытта ата-аналармен хат алмасудан бас тартуға мүмкіндік берілуі мүмкін

Мұғалімдерге жұмыстан тыс уақытта ата-аналармен хат алмасудан бас тартуға мүмкіндік берілуі мүмкін
Мұғалім. Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстанда педагогтерді жұмыстан тыс уақытта ата-аналармен мессенджер арқылы хабарласуға міндеттеуді шектеу ұсынылды. Бұл туралы Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов Ұстаздар күніне арналған жазбасында айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Депутаттың сөзінше, соңғы жылдары мұғалімдердің құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар заңнамалық өзгеріс қабылданған.

"Демалыс күні балаға қатысты бір оқиға болса, сол уақытта өз отбасымен үйінде отырған мұғалімнен түсініктеме талап етілді. Жылдар бойы бұл қалыпты жағдай саналып келді. Маусымда қабылданған жаңа заң осыны өзгертті", – дейді ол.

Жаңа нормаларға сәйкес, педагогтен бір құжатты қатарынан қағаз және электронды түрде жүргізуді талап етуге тыйым салынды. Сондай-ақ мұғалімдерді өз міндетіне кірмейтін жұмыстарға тартуға шектеу қойылған. Бұл талаптар балабақша тәрбиешілері мен колледж педагогтеріне де қатысты.

Аймағамбетовтің айтуынша, ендігі негізгі міндет – осы нормалардың барлық білім беру ұйымдарында нақты орындалуын қамтамасыз ету.

Сонымен қатар педагогтердің жұмыс жүктемесі, кәсіби дамуы және жас мамандарды қолдау мәселелері әлі де өзекті болып отыр.

"Жас педагогті мектепке тартумен шектелмей, әрі қарай қолдау маңызды. Кешкі уақытта және демалыс күндері ата-аналармен мессенджерлерде хат алмасу, әлеуметтік желіге рилс пен пост жариялауды талап ету де – бөлек мәселе.

Сондықтан "Әділет" партиясының фракциясындағы әріптестерімізбен бірге заң жобасын әзірледік. Онда педагогтерді мазалайтын осы және басқа да проблемаларды шешу көзделген", – деді ол.