Назарбаев Университеті алғаш рет әлемнің үздік 400 университетінің қатарына кірді. Бұл туралы депутат Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның мәліметінше, университет Times Higher Education (THE) әлемдік рейтингінің 2027 жылғы шығарылымында 376–400-орындар тобына енген.
Бұған дейін Назарбаев Университеті 2025 жылы 401–500-орындар тобында болса, одан бір жыл бұрын 501–600-орындар қатарында болған.
Асхат Аймағамбетов бұл нәтижені жас университет үшін маңызды жетістік деп бағалады.
«Назарбаев Университеті әлемдік үздік университеттердің топ-400 қатарына кірді! Баршаңызды осы тамаша нәтижемен құттықтаймын!
Times Higher Education әлемдік рейтингінің 2027 жылғы шығарылымында университет 376-400 орындар тобына енді!
Ол 2025 жылы 401-500, одан бір жыл бұрын 501-600 орындар тобында болған еді.
Жас университет үшін бұл - өте үлкен жетістік», – деп жазды ол.
Депутат THE рейтингінің әдістемесіне де тоқталды. Оның айтуынша, бұл рейтингте зерттеу ортасы мен ғылыми зерттеулер сапасына ерекше мән беріледі.
Аймағамбетов Назарбаев Университеті зерттеу сапасы бойынша 100 балдың 84,1-ін жинағанын атап өтті.
«Бұл жетістікке оқытушылар мен зерттеушілердің көп жылғы еңбегі, университеттің жаңа басшылығы мен бүкіл ұжымының жұмысы негіз болды», – деді ол.
Сондай-ақ депутат университеттің дербестігі, ұзақ мерзімді инвестициялар, халықаралық әріптестік және мықты мамандарды тарту мүмкіндігі нәтижеге ықпал еткенін жеткізді.
Асхат Аймағамбетов мұндай университеттердің Қазақстан үшін маңызы тек халықаралық рейтингпен шектелмейтінін айтты. Оның сөзінше, бұл талантты жастарға ел ішінде сапалы білім алып, ғылыммен айналысуға, халықаралық жобаларға қатысуға және заманауи зертханаларда жұмыс істеуге мүмкіндік береді.