Цифрландырудың көлеңкелі тұсы: Қазақстанда деректердің қауіпсіздігіне кім жауап береді?

Цифрландырудың көлеңкелі тұсы: Қазақстанда деректердің қауіпсіздігіне кім жауап береді?

Алматыда интернетті басқару, киберқауіпсіздік, жасанды интеллектіні жауапты пайдалану және азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғауға арналған төртінші Qazaqstan IGF 2026 ұлттық форумы өтті. Биылғы жиында цифрлық қызметтердің қарқынды дамуы ғана емес, осы үдерістің тасасында қалған дербес деректердің қауіпсіздігі, интернет алаяқтық және технологиялық шешімдер үшін жауапкершілік мәселелері де көтерілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Форум не туралы?

SmArtPoint IT хабында ұйымдастырылған форум мемлекеттік органдарды, бизнес өкілдерін, азаматтық қоғамды, академиялық және техникалық қауымдастықтарды бір алаңға жинады.

Qazaqstan IGF 2026 бағдарламасы Қазақстандағы цифрлық кеңістікті басқарудың ең өзекті мәселелерін қамтиды. Қатысушылар Цифрлық кодекс пен Жасанды интеллект туралы заңды іс жүзінде қолдану, дербес деректерді қорғау, интернет инфрақұрылымын дамыту және жаңа технологияларды жауапкершілікпен пайдалану жолдарын талқылады.

Форум аясында интернетті көптарапты басқару, онлайн контентті бұғаттау мен модерациялау, Қазақстанның цифрлық заңнамасын жетілдіру, балалар мен жасөспірімдердің интернеттегі қауіпсіздігі және жасанды интеллектіні Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін пайдалану мәселелеріне арналған панельдік сессиялар ұйымдастырылды.

Бағдарламада Қазақстан Конституциялық сотының интернетке қолжетімділікті шектеуге қатысты шешімін талқылауға да жеке орын берілді. Сарапшылар ұлттық қауіпсіздік талаптары мен азаматтардың цифрлық құқықтарының арасындағы тепе-теңдікті сақтау жолдарын қарастырды. 

Айта кетейік, Qazaqstan IGF 2026 форумы Қазақстандағы Киберқауіпсіздік айы аясында өтіп жатыр. Іс-шара Eurasian Digital Foundation және Қазақстанның Цифрлық құқықтар орталығы БҰҰ хатшылығының ресми қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шараның серіктесі Freedom Holding Corp. Ұлттық IGF бастамалары бүгінде БҰҰ хатшылығының қолдауымен төрт құрлықтағы 106 елде өткізіледі.


Форумды ашқан Eurasian Digital Foundation негізін қалаушы, DRCQ заң фирмасының басқарушы серіктесі Руслан Дайырбеков цифрлық кеңістіктің қауіпсіздігін бір ғана мекеменің күшімен қамтамасыз ету мүмкін емес екенін атап өтті.

"Мемлекет, IT саласы, азаматтық қоғам және академиялық қауымдастық тең серіктес ретінде келіссөз жүргізуі керек. Осындай инклюзивті диалог пен мүдделер теңгерімі арқылы ғана Цифрлық кодексті тиімді іске асырып, жасанды интеллектіні дамытып, әрбір қазақстандықтың цифрлық құқықтарын қорғай аламыз", - деді ол.

Цифрландыру күшейген сайын қауіп те артып келеді

Форумның алғашқы панельдік сессиясы "Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру құралы ретінде интернетті көптарапты басқару" тақырыбына арналды. Алайда пікірталас көп ұзамай цифрландырудың ең өзекті әрі осал тұсына, яғни киберқауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау мәселесіне ойысты.

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің Киберқауіпсіздікті дамыту басқармасының бас сарапшысы Сұлтанғазы Керімбаев Қазақстандағы цифрлық ортаны бір мезетте қауіпсіз әрі ашық етуге бағытталған тетіктерге тоқталды.

Оның сөзінше, мемлекеттік органдармен бірге бизнес те азаматтар туралы ауқымды ақпаратты жинап, сақтайды және өңдейді. Сондықтан деректердің қауіпсіздігіне жауапкершілік ақпаратты пайдаланатын компанияларға да жүктелуі тиіс.

"Дербес деректердің таралуына оларды жинайтын және өңдейтін компаниялар жауапты болуы керек. Цифрлық орта азаматтар үшін бір мезгілде ашық та, қауіпсіз де болуы қажет", - деді Сұлтанғазы Керімбаев.

Панель барысында компаниялардың дербес деректерді қорғаудағы жауапкершілігі ерекше аталды. Өйткені бизнес цифрлық экономиканың қозғаушы күші болумен қатар, азаматтар туралы ауқымды мәліметті жинайтын және өңдейтін негізгі тараптардың бірі саналады. Сондықтан деректердің таралуына оларды өңдейтін компаниялар да жауапты болуы керек.

Бұл талап әсіресе банктерге, онлайн платформаларға, маркетплейстерге және алгоритмдік шешімдер қолданатын өзге ұйымдарға қатысты. Жасанды интеллект азаматқа қызмет ұсыну, оның төлем қабілетін бағалау немесе несие беру жөнінде шешім қабылдағанда, мұндай жүйенің заң талаптары мен адам құқықтарына сәйкестігі де назардан тыс қалмауы тиіс.

Компаниялар деректердің таралғанын неге мойындамайды?

БҰҰ Жаһандық шартының Орталық Азиядағы желісінің атқарушы директоры Динара Сейджапарова Қазақстанның цифрландырудағы жетістіктерін мойындай отырып, қауіпсіздік мәселесін кейінге ысыруға болмайтынын айтты.

Ол бұған дейін шетелдерге барған кезде Қазақстандағы мобильді қосымшалар мен онлайн қызметтердің жылдамдығын мақтанышпен айтып жүргенін жеткізді. Алайда Жапониядағы тәжірибесі цифрландыру жылдамдығы мен қауіпсіздік арасындағы арақатынасқа басқаша қарауға түрткі болған.

"Біз технологияларды қолдану жылдамдығы жағынан алдамыз. Бірақ қауіпсіздік мәселесі не болады? Мені алаяқтар жиі мазалайды. Олардың қолындағы ақпаратқа қарасақ, азаматтар туралы көптеген мәлімет таралып кеткен. Соған қарамастан, қандай да бір компанияның деректердің таралғанын ашық мойындағанын көрген емеспін. Бұл мені азамат ретінде қатты алаңдатады", - деді Динара Сейжапарова.

Осы тұста мәселе алаяқтық қоңыраулармен ғана шектелмейді. Азаматтың телефон нөмірі, аты-жөні, жұмыс орны, қаржы жағдайы және өзге де жеке мәліметі бөгде адамдардың қолына түскен жағдайда, ол психологиялық қысымға, қаржылай шығынға немесе өз атынан заңсыз несие рәсімделуіне тап болуы мүмкін. Сондықтан деректердің нақты қай жерден таралғанын анықтау және жауапты тарапты белгілеу киберқауіпсіздіктің негізгі міндеттерінің біріне айналып отыр.

Динара Сейджапарова интернеттің тек техникалық инфрақұрылым емес, адамның қадір-қасиеті мен негізгі құқықтарына тікелей қатысты кеңістік екенін айтты.

"Интернет тек техникалық шешім емес. Бұл экономикалық әділеттілік, адамның қадір-қасиеті мен адам құқықтары туралы мәселе", - деді ол.

Оның сөзінше, бір отбасының баласы тұрақты интернетке, сапалы білім беру платформаларына және цифрлық ресурстарға қол жеткізсе, екінші баланың интернеті үнемі үзіліп тұруы мүмкін. Мұндай теңсіздік бірнеше жылдан кейін олардың білім алу және жұмысқа орналасу мүмкіндігіне әсер етеді.

"Он жылдан кейін балалар біздің қанша стратегия қабылдағанымызды немесе қанша форум өткізгенімізді бағаламайды. Олар өздеріне берілген экономикалық мүмкіндіктерге қарайды. Ал бұл мүмкіндіктер бүгінде интернет пен цифрлық технологияларға тәуелді", - деді спикер.

Алгоритмнің шешіміне кім жауапты?

Панельде жасанды интеллект пен автоматтандырылған жүйелердің шешімі үшін жауапкершілік мәселесі де көтерілді. Қазір банктер мен қаржы ұйымдары клиенттің төлем қабілетін алгоритм арқылы бағалайды. Мұндай жүйе бір адамға несие беріп, екіншісіне бас тартуы мүмкін. Бірақ шешім қате немесе кемсітушілік сипатта болған жағдайда кім жауап беретіні толық айқындалмаған.

"Егер алгоритм бір адамға несие беріп, екіншісіне бас тартса, оған кім жауап береді? Алгоритмнің өзі ме, оны әзірлеген бағдарламашы ма, IT маманы ма, әлде компанияның бірінші басшысы ма? Адам құқықтарын сақтау мен кемсітудің арасындағы шекараны нақты айқындауымыз керек", - деді Динара Сейжапарова.

Оның мәліметінше, БҰҰ Жаһандық шартының Орталық Азиядағы желісі 156 компанияны біріктіреді. Олар адам құқықтарын сақтау, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау және сыбайлас жемқорлыққа төзбеу қағидаттарын қызметіне енгізіп жатыр. Енді бұл қағидаттар цифрлық жауапкершілікпен де толықтырылуы керек.

Реттеу технологияның дамуын тежемеуі қажет

Еуропалық Одақтың "Орталық Азияға арналған байланыстылық" жобасының АКТ саясаты және реттеу компонентінің үйлестірушісі Паулюс Вайна цифрлық ортаның қауіпсіздігі тек қатаң талаптар енгізумен шектелмейтінін айтты. Оның пікірінше, реттеу нарықтағы бәсекені, технологияның дамуын және халықтың байланысқа қолжетімділігін қатар ескеруі қажет.

"Реттеу қамту аумағы, баға мен сапа тұрғысынан жаңа мүмкіндіктер ашуы керек. Инфрақұрылым байланыс қызметтерін, жасанды интеллектіні және цифрлық жүйелердің тұрақтылығын дамытудың негізгі шарты болып қала береді", - деді ол.

Сарапшы талшықты оптикалық байланыс сапалы болғанымен, Қазақстан секілді аумағы үлкен елде оны әрбір елді мекенге бірдей жеткізу қиын екенін атап өтті. Сондықтан шалғай аумақтарда спутниктік интернет пен басқа да балама технологияларды қолдануға мүмкіндік берілуі керек.

Оның пікірінше, байланыс операторы баруға мүдделі емес өңірлерде мемлекет лицензия құнын төмендету, радиожиілікті жеңілдетілген шартпен беру немесе инфрақұрылымдық жобаларға грант ұсыну арқылы бизнесті ынталандыра алады. Байланыс желісінің тұрақтылығы артпайынша, азаматтарды киберқауіптен қорғау да толық нәтиже бермейді.

Руслан Дайырбеков Қазақстанның жаңа Цифрлық кодексінде технологиялық бейтараптық қағидаты бекітілгенін айтты. Бұл заңнамада блокчейн, жасанды интеллект немесе өзге технологияларды жеке-жеке сипаттаудың орнына, олардың барлығына ортақ құқықтық талаптар қоюға мүмкіндік береді. Себебі технологияның даму қарқыны заң қабылдау үдерісінен әлдеқайда жылдам.

Паулюс Вайна реттеу мен артық шектеудің арасындағы шекара өте нәзік екенін атап өтті. 

"Қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз деп нарықтың дамуын тоқтатып тастауға болмайды. Сол себепті технологиялық бейтараптықпен бірге қажетті ең төменгі деңгейде реттеу қағидаты да сақталуы керек", - деді ол.

Интернетті бөлшектеу қауіпсіздікті күшейте ме?

RIPE NCC қоғамдық байланыстар және мемлекеттік саясат жөніндегі аға кеңесшісі Ваан Овсепян интернеттің қауіпсіздігі оның ашық әрі біртұтас жүйе болып қалуына да байланысты екенін айтты.

RIPE NCC Еуропа, Таяу Шығыс және Орталық Азия аумағында интернет желілерінің жұмысын үйлестіріп, IP мекенжайларын бөледі. Сонымен қатар ұйым техникалық қауымдастық пен мемлекеттік органдар арасындағы диалогқа қатысады.

Ваан Овсепянның пікірінше, интернетті басқару кезінде мемлекеттің қауіпсіздікке қатысты талаптары, бизнестің тәжірибесі, техникалық мамандардың білімі және азаматтық қоғамның ұстанымы бірге ескерілуі қажет. Бір тараптың ұстанымын басқаларға міндеттеу желінің бөлшектенуіне және оның тұрақтылығының әлсіреуіне әкелуі мүмкін.

"Интернетті басқару дегеніміз үкіметтің, жеке сектор мен азаматтық қоғамның интернеттің дамуына қатысты ортақ қағидаларды, нормаларды, ережелерді және шешім қабылдау рәсімдерін бірлесіп әзірлеуі", - деді ол.

Сарапшы жасанды интеллект пен интернеттің қоғамға ықпалын қарапайым технологиялық жаңалық ретінде бағалауға болмайтынын айтты. Бұл өзгерістер еңбек нарығын, қоғамдық қатынастарды және мемлекеттік басқаруды қайта қалыптастырып жатыр.

"Мыңдаған, жүздеген мың, тіпті миллиондаған қалыпты жұмыс түрі жойылуы мүмкін. Біз бұған дайын болып, жаңа дағдыларды игеруіміз керек. Азаматтар өз өміріне ықпал ететін саясатты әзірлеуге қатыса алуы қажет", - деді Ваан Овсепян.

Оның айтуынша, көптарапты басқару енді интернет инфрақұрылымымен ғана шектелмейді. Бұл тәсіл жасанды интеллект, заттар интернеті және өзге де технологияларды қауіпсіз басқаруға да қолданылуы керек.

Киберқауіпсіздік тек мемлекеттің міндеті емес

Панельдегі пікірлер киберқауіпсіздіктің тек техникалық мамандарға немесе мемлекеттік органдарға жүктелетін міндет емес екенін көрсетті. Мемлекет түсінікті және теңгерімді талап қалыптастыруға, компаниялар азаматтардың деректерін қорғауға, техникалық қауымдастық интернеттің тұрақтылығын қамтамасыз етуге, ал азаматтық қоғам пайдаланушылардың құқықтарын қорғауға қатысуы керек.

Талқылау барысында цифрландырудың шынайы өлшемі қызметтердің саны немесе олардың жылдамдығы ғана емес екені айтылды. Оның басты көрсеткіші азаматтың өз дерегінің қорғалғанына, алгоритмнің шешімі әділ екеніне және киберқауіп туған жағдайда жауапты тараптың анықталатынына сенімді болуы тиіс.

Іс-шара барысында Privacy Legathon 2026 байқауының финалы да ұйымдастырылды. Бес команда бизнес пен мемлекеттік органдарға арналған Legal Tech шешімдерін таныстырды. Байқауды ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Digital Rights Centre Qazaqstan және CyberLaw School ұйымдарымен бірлесіп өткізді.