15 қазаннан бастап қазақстандықтар Отбасы банкпен серіктес құрылыс компанияларынан пәтер сатып алу үшін алты ай күтпей-ақ аралық несие рәсімдей алады. Ол үшін баспана құнының 50%-ы болуы керек, деп хабарлайды dalanews.kz.
Отбасы банк серіктес құрылыс компанияларынан тұрғын үй сатып алуға берілетін ипотека шарттарын өзгертті. Бұған дейін аралық несие алу үшін депозит бойынша бағалау көрсеткішін жинауға алты ай уақыт қажет болатын. Енді пәтер құнының жартысын жинаған азаматтар бұл мерзімді күтпей-ақ несие рәсімдей алады.
Ипотеканың жылдық мөлшерлемесі 8,5% болады. Кейін тұрғын үй заемына ауысқан кезде ол 3,5–5%-ға дейін төмендейді.
Әзірге жаңа шарттар тек банкпен келісім жасаған құрылыс компанияларынан баспана сатып алатындарға қолданылады. Алғашқы серіктес — BI Group компаниясы. Сатып алушыларға Астана, Алматы, Шымкент және Атырау қалаларынан 600 пәтер ұсынылған.
Ұсынысты пайдалану үшін алдымен пәтер таңдап, оны брондау қажет. Содан кейін құрылыс компаниясынан тиісті растау құжатын алып, банкке жүгіну керек.
Сонымен қатар Отбасы банк көктемде мақұлдау алған «Наурыз» бағдарламасына қатысушылар үшін баспана іздеу мерзімін 30 желтоқсанға дейін ұзартты.