Маңғыстауда аурухана қаржысын танысымен бірге жымқырған бас бухгалтер 7 жылға сотталды

Маңғыстауда аурухана қаржысын танысымен бірге жымқырған бас бухгалтер 7 жылға сотталды
magnific.com

Маңғыстау облысында көпбейінді облыстық аурухананың 32 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған бас бухгалтері 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды dalanews.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.

Прокуратура жүргізген тексеру барысында медициналық мекемеде бюджет қаражатын жымқыру дерегі анықталған. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 32 миллион теңгеден асқан.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен, яғни аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Тергеу барысында аурухананың бас бухгалтері танысымен алдын ала сөз байласып, бюджет қаражатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың есепшоттарына аударып отырғаны анықталды. Кейін бұл қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Сотта айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденді.

Сот үкімімен аурухананың бас бухгалтері 7 жылға бас бостандығынан айырылып, 5 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылды.

Ал қылмысқа қатысқан сыбайласына 7 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.